Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңызды бөлігі — Президент

Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңызды бөлігі — Президент

Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңызды бөлігі, сонымен бірге біз бұл кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастырамыз. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты,--деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.

— Көптеген халықтың тарихи жадында реформаторлар мен көрнекті ойшылдардың қалыпты тіршілігіне қарағанда, билеушілердің жорығы мен дарынды қолбасшылардың ерліктері сақталатынын жоғарыда айтып өттім. Расында, соғыстардағы аңызға айналған жеңістер адамдардың рухын оятады. Ал тағдыршешті мәні уақыт өте келе байқалатын институционалды жаңашылдықтар мен озық идеяларға көпшілік селт ете қоймайды. Оған әлі күнге дейін Ұлы дала тарихының шексіз шайқастар мен ұрыстар ретінде бұрмаланып көрсетілуі нақты мысал бола алады. Мұндай сыңаржақ ұстаным Ұлы даланың, әсіресе, Алтын Орданың күрделі, көп қатпарлы өмір салтын әскери шежірелердің ойдан шығарылған өлшемдеріне салып, тарихи шындықтан алыстатады, оқиғаларды көмескілендіре түседі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргі ғылымның жоғары пәнаралық даму деңгейі Алтын Орда тарихын объективті зерттеу үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді деп санайтынын айтты.

— Бүгінгі жиында аталған кезеңді зерттеп жүрген беделді ғалымдар бас қосып отыр. Осы орайда Алтын Орда тарихын пайымдау перспективасын кеңейтуге көмектесетін бірқатар ғылыми ізденіске байланысты өз ойымды қысқаша жеткізгім келеді, — деді Мемлекет басшысы.

Президент Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекеттерге қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанына назар аудартты. 


#ҚР Президенті