Болашақтың кілті – жасанды интеллект
Қазіргі әлем бұрынғыдай баяу дамымайды. Қуат, мұнай немесе өндіріс енді басты қозғаушы күш емес. Бүгінгі күннің шынайы драйвері – ой мен алгоритм, дерек және жасанды интеллект. Қазақстан Президентінің сөзінше, елдің болашағының кілті – дәл осы цифрлық дамуында. Бұл туралы «Abay Media Group» ЖШС директорының орынбасары Думан Кенжеғазин пікірін білдірді ,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.
Жасанды интеллект тек технология емес, ол – елдің өркениеттік таңдауын айқындайтын стратегиялық құрал. Бір елдер осы толқынға мініп, дамуында алға шығады, ал кейбіреулер уақыт шаңында қалып қою қаупімен бетпе-бет келеді. Президенттің «болашақ кемесіне міну» деген ойы осыны меңзейді.
Әлемде АҚШ пен Қытай жасанды интеллект үшін бәсекелесіп жатыр. Бұл күрес тек байлық үшін емес, үстемдік үшін жүруде. Осындай жарыстан тыс қалу өз елінің болашағын өзгенің қолына беру деген сөз. Қазақстан дәл осы кезеңде өз таңдауын жасап, цифрлық трансформацияға бел бууда.
Еліміз цифрлық әлемге дайын ба? Иә, дайын. Онлайн қызметтер, мобильді банкинг, электронды үкімет – осының барлығы халықтың цифрлық ортаға бейім екенін дәлелдейді. Astana Hub-та мыңдаған IT компаниясы жұмыс істеп, IT экспорты миллиард долларға жетуі нақты нәтижелерді көрсетеді.
Жасанды интеллектіні дамыту бір күндік науқан емес, жүйелі саясат. Заңдар қабылданды, министрлік құрылды, суперкомпьютерлер іске қосылды. Бұл – мемлекеттің бұл салаға нақты кіріскенінің көрінісі.
Ең басты байлық – адам капиталы. Себебі жасанды интеллектіні жасайтын, дамытатын және басқаратын – адам. Мыңдаған студенттердің осы бағытта білім алуы, арнайы зерттеу университетінің ашылуы – елдің болашаққа деген сенімін білдіреді.
Цифрлық дерек – жаңа дәуірдің алтын қоры. Оны тиімді пайдалана білетін мемлекет ғана алға шыға алады. Жасанды интеллект мемлекеттік басқаруды әділ, ашық және нақты етеді. Шешімдер сезімге емес, сарапталған дерекке сүйенеді. Бұл – жаңа мәдениет, жаңа сапа. Енді осы цифрлық мәдениетті бойымызға сіңіруіміз қажет.
2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялау – дұрыс шешім. Бұл «біз дайынбыз» деген сөз, болашаққа батыл қадам жасауды білдіреді. IT мамандары бұл құрғақ сөз емес екенін сезінеді, ал мемлекет үшін бұл – дамудың жаңа мүмкіндігі.
Жасанды интеллект – Қазақстан үшін таптырмас мүмкіндік. Дер кезінде пайдалансақ, біз өзгелердің артынан ермей, өз жолымызды саламыз. Болашаққа апарар жол дәл қазір, бүгіннен басталады.
ЖИ дәуірі жасасын!
#жасанды интеллект, #цифрландыру