ЕАЭО-ның әлеуетін нығайтудың стратегиялық маңызды міндеті тұр – Қазақстан Президенті

ЕАЭО-ның әлеуетін нығайтудың стратегиялық маңызды міндеті тұр – Қазақстан Президенті

Еуразиялық экономикалық одақ - жаһандық экономиканың  маңызды субъектісі. Бұл туралы елордада V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Қазақстан Президенті осы аса маңызды шараға қатысқаны үшін мемлекет басшыларына, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өкілдеріне, байқаушы елдердің көшбасшыларына және барлық қонақтарға шынайы ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық форум еуразиялық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері бойынша кәсіби әрі нәтижелі диалогтың тиімді платформасы ретінде кеңінен танылғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өтуінше, Еуразиялық экономикалық одақ өңірлік интеграциялық бірлестік қана емес, сонымен қатар жаһандық экономиканың маңызды субъектісі. Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде ЕАЭО елдері үйлесімді іс-қимыл арқылы өз экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды.

- Қазір алдымызда Еуразиялық экономикалық одағының әлеуетін одан әрі арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық маңызды міндеті тұр, - деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымынша, дүниежүзілік шаруашылық байланыстарының бағдары жаппай өзгеріп жатқан кезеңде ЕАЭО елдері теріс сипаттағы жаһандық үрдістерге төтеп беру үшін күш-жігерін жұмылдыруы керек. Әлемдік нарықтағы ахуал күрделі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Еуразиялық экономикалық форумның (ЕЭФ-2026) пленарлық отырысы басталды.

https://kaz.inform.kz/news/eaeo-nin-aleuetn-nigaytudin-strategiyalik-manizdi-mndet-tur-kazakstan-prezident-05b0c597


#ҚР Президенті, #Қазақстан, #форум