Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси шиеленістерге қатысты Қазақстанның ұстанымын мәлімдеді

Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси шиеленістерге қатысты Қазақстанның ұстанымын мәлімдеді

Қазақстан мен Кипр президенттерінің келіссөздерінде халықаралық және аймақтық мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа мәлімдемесінде айтты.

Қазақстан Президенті жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәрінің алаңдап отырғанын айтты.

– Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты мемлекеттеріміздің ұстанымы ұқсас. Екі ел де кез келген шиеленіс бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуі керек деген қағидатты қатаң ұстанады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгін Қазақстан мен Кипр президенттері БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында тиімді жұмыс істеуге келіскен. Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысуға уағдаласқан.

– Қазақстанның ұстанымы бойынша: барлық ел БҰҰ жарғысын, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын қатаң сақтауға міндетті. Қазақстан басқа елдердің аумақтық тұтастығын құрметтейді және бүкіл әлем мемлекеттерін осы қағидатқа басымдық беруге шақырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, 2-4 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға ресми сапары өтеді. Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін салтанатпен қарсы алды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін І дәрежелі Достық орденімен марапаттады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Кипрдегі серіктестерін Транскаспий және Орта дәліз жобаларына атсалысуға шақырды.

https://kaz.inform.kz/news/kasim-zhomart-tokaev-geosayasi-shielensterge-katisti-kazakstannin-ustanimin-malm-074bc228


#ҚР Президенті, #БАҚ, #Қазақстан, #Кипр