Бейжің/Бішкек, 9 қыркүйек /Синьхуа/ — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Синьхуа» агенттігіне эксклюзивті жазбаша сұхбат берді.
Бірінші сұрақ
Сұрақ: Құрметті Президент мырза! Соңғы екі жылда Сіздің және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық басшылығымен Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік одан әрі тереңдеп, жаңа мазмұнмен толығуда. Екіжақты қатынастардың қазіргі даму деңгейін қалай бағалайсыз?
Жауап: Қытай Қазақстан үшін әрдайым айрықша достық ел болды және солай болып қала береді. Бізді ұзаққа созылған ортақ шекара мен ғасырлар бойғы тату көршілік тарихы байланыстырады.
Тарихтың өзі Қазақстан мен Қытайдың бірге болып, бір-біріне қолдау көрсетіп, халықтарымыздың жарқын болашағын бірге құруын алдын ала айқындады. Қазақтың белгілі мақалы бар: «Жолы бірдің – жүгі бір».
Біз Қытаймен достықты жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түбегейлі мүдделеріне жауап береді, сондай-ақ бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызды факторы.
Қазақ-қытай қатынастары қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде деп сеніммен айтуға болады. Бұл, әрине, қуантады.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге Қазақстанға деген ізгі ниеті және еліміздің ықпалды еуразиялық держава ретіндегі рөлін түсінетіні үшін шынайы алғысымды білдіремін. Біздің тұрақты саяси диалогымыз қазақ-қытай стратегиялық әріптестігінің негізгі өзегіне айналды.
Біздің кездесулеріміз әрдайым ашық әрі сенімге негізделген жағдайда өтеді. Біз екіжақты күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді жан-жақты талқылап, өңірлік және жаһандық дамудың өзекті проблемалары бойынша ұстанымдарымызды салыстырамыз.
Стратегиялық әріптестіктің мұндай сипаты жай ғана дипломатиялық формуладан әлдеқайда кең. Бұл – кең ауқымды тату көршілікті нығайту жолындағы табанды жұмыс. Оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, саяси диалогты тереңдету, халықаралық аренадағы өзара іс-қимылды күшейту және гуманитарлық байланыстарды кеңейту бар.
Стратегиялық әріптестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын қанағаттанушылықпен атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика және көліктен бастап өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі салаларды қамтып отыр.
Екіжақты сауда айналымының жаңа рекордтар орнатып келе жатқаны да айқын көрсеткіш. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 50 млрд долларға жуықтап, 11 пайызға өсті. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында тауар айналымы 27,2 млрд долларға жетіп, шамамен төрттен біріне артты. Қытай Қазақстанның сыртқы саудадағы басты серіктесі болып отыр.
Тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Біз үшін сауда көлемінің сандық өсуі ғана маңызды емес, экономикалық ынтымақтастықтың құрылымын өзгертуге де мүдделіміз.
Қазіргі жаһандық даму жағдайында басым түрде шикізаттық модельден өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға біртіндеп көшу қажет. Яғни ірі бірлескен өндірістер құрып, терең өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту және озық технологиялар трансферін жүзеге асыру керек.
Мен мұны болашақтағы ынтымақтастығымыздың зор әлеуеті деп санаймын. Қытайлық достарымыз бен серіктестеріміздің де біздің көзқарасымызды қолдайтыны қуантады.
Тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстыратын табиғи көпір болып табылады. Қытайлық серіктестермен бірге біз бұл географиялық артықшылықты Еуразиялық ауқымдағы заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымға айналдырып келеміз.
«Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының жаңа конфигурациясын қалыптастыруда.
Ынтымақтастығымыздың технологиялық өлшемі ерекше маңызға ие. Қытай жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, робототехника, жаңа энергия көздері және жоғары технологиялық өндіріс салаларында әлемдегі көшбасшы позицияларға ие. Ал Қазақстан өз кезегінде жедел цифрлық трансформация бағытын ұстанып отыр.
Жақында Шанхайда Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысу үшін барған сапарым барысында Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім.
Цифрлық экономика, интеллектуалды өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара қызығушылық анықталды. Алдағы жылдары елордамызда дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін құруды жоспарлап отырмыз.
Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай байланыстарының жаңа кезеңіндегі ең маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін.
Екі ел халықаралық аренада да қарқынды өзара іс-қимыл жасап келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелерінде ұстанымдарымыз ұқсас.
Қазақстан «Бір Қытай» саясатын берік ұстанады және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы.
Біз БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясындағы үйлестіру жұмыстарын жалғастырамыз. Қазақстан «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды.
Келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Тарих өлшемімен алғанда салыстырмалы түрде қысқа осы кезеңде елдеріміз орасан зор жолдан өтті.
Жинақталған саяси сенім деңгейі, халықтарымыздың достық пен ынтымақтастыққа деген шынайы ұмтылысы алға қарай одан әрі жылжуға бірегей мүмкіндіктер ашады.
Сондықтан алдымызда ауқымды, бірақ толықтай жүзеге асыруға болатын міндеттер тұр. Атап айтқанда, өзара сауда көлемін 100 млрд долларға дейін жеткізу және экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттыру қажет.
Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті жүйелі түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға дайын.
Қазақ-қытай қатынастарының болашағы жарқын екеніне сенімдімін, өйткені мұны екі елдің халықтары қалайды. Қытайдың бір даналығында айтылғандай: «Адамдар біріксе, Тайшань тауын да орнынан қозғай алады».
Екінші сұрақ
Сұрақ: Еуразияның дәл орталығында орналасқан Қазақстан «Белдеу және жолды» бірлесіп құрудағы маңызды серіктес болып табылады. Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан өткізу пункттерін жаңғырту, «ақылды кеден» мен цифрлық логистиканы енгізу бағыттарында ынтымақтастықтың жаңа форматтарын белсенді игеріп, трансшекаралық теміржол тасымалдары мен халықаралық көлік дәліздерін дамытуда жаңа нәтижелерге қол жеткізуде.
Екі елдің өзара байланыстылық пен логистикалық дәліздер саласындағы ынтымақтастығының перспективаларын қалай бағалайсыз? Бұл ынтымақтастық Қазақстанның өңірлік көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға қалай ықпал етеді?
Жауап: Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан үшін көлік-логистикалық әлеуетті дамыту – стратегиялық басымдық.
Қытайдан Еуропаға бағытталған барлық құрлық транзиттік тасымалдарының шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағына тиесілі және біз бұл көлемді одан әрі арттыруға ұмтылып отырмыз.
Сондықтан Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын толық қолдайды және ұлттық стратегияларымызды одан әрі ұштастыруға белсенді қатысуға дайын. Үш құрлықты біріктірген бұл мегажобаның идеясы алғаш рет Төраға Си Цзиньпин тарапынан Астанада жарияланғаны символдық мәнге ие.
Біздің елдеріміз Еуразияның жаңа көлік архитектурасын дәйекті түрде қалыптастырып келеді. Бұл жұмыстың ауқымы жүк тасымалының динамикасынан анық көрінеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша трансшекаралық теміржол тасымалының көлемі 35 млн тоннадан асты.
Автомобиль көлігі саласындағы тасымал көлемі де өсіп келеді. Өткен жылы шамамен 8 млн тонна жүк тасымалданды, бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 40 пайызға жоғары.
Жақында мен Шығыстан Батысқа қарай өткізу қабілетін екі есеге арттырып, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау уақытын 5 тәуліктен 3 тәулікке дейін қысқартатын жаңа Арал – Каспий магистралінің құрылысын бастауға пәрмен бердім.
Жолаушылар әуе қатынасының да дамып келе жатқаны маңызды. Екі ел арасында апта сайын 21 бағыт бойынша 100-ден астам тұрақты жолаушылар рейсі орындалады. Қазақстан мен Қытайдың ірі қалалары мен өңірлері арасындағы әуе бағыттарының географиясы жыл сайын кеңейіп келеді.
Жақында Шанхайға жасаған сапарым барысында Достық – Алашанькоу теміржолының екінші тармағын салу туралы Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Оның іске қосылуы осы маңызды шекаралық өткелдің өткізу қабілетін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Аягөз – Тачэн үшінші теміржол желісінің құрылысы жүргізілуде. Бұл қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені едәуір азайтып, қосымша 20 млн тонна көлемінде жүк ағынын қамтамасыз етеді.
Біздің ынтымақтастығымызда Транскаспий халықаралық көлік бағытына, яғни Орта дәлізге басымдық беріледі. Ол Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының аса маңызды буынына айналып келеді.
Ортақ міндетіміз – бұл бағытты барынша бәсекеге қабілетті ету. Сондықтан «ақылды кеденді» енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді синхрондауға және шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз.
Қазақстан мен Қытай шекара арқылы жүктерді жедел өткізу үшін берік инфрақұрылымдық негіз қалыптастыра алды.
Ляньюньгандағы бірлескен логистикалық терминал, «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты, Сиань мен Алматыдағы терминалдар, Ақтаудағы контейнерлік хаб табысты жұмыс істеп тұр.
Қытайдың Чэнду қаласында қазақ-қытай теміржол жүк терминалын салу бойынша жаңа жоба жүзеге асырылуда. Жақын уақытта Қытай тарапының келісімімен Қазақстан онда Бас консулдық ашады.
Іс жүзінде біз Қытайдың өндірістік орталықтарын Қазақстан арқылы Каспий өңірімен, одан әрі Еуропа нарықтарымен байланыстыратын бірыңғай желі құрып жатырмыз.
Осылайша Қазақстан Еуразияның көлік-логистикалық хабы мәртебесіне ие болуды көздейді. Мұнда жүк тасымалымен қатар логистика, өңдеу, өндіріс, электрондық сауда және заманауи сервистер дамиды.
Басқаша айтқанда, транзит экономикасынан көлік өзара байланыстылығы экономикасына көшуіміз керек. Түпкі мақсат – бірегей географиялық орналасуымыздың жалпы прогреске, өңірлердің дамуына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуін қамтамасыз ету.
Үшінші сұрақ
Сұрақ: Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстан арасындағы практикалық ынтымақтастық энергетика мен сауданың дәстүрлі салаларынан біртіндеп шығып, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және жасыл энергетика сияқты жаңа бағыттарды қамтып отыр. Сонымен бірге Сіз Қазақстанда 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, оны мемлекеттік дамудың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындадыңыз. Болашақта қазақ-қытай ынтымақтастығының жаңа өсу нүктелері қай салаларда пайда болады деп ойлайсыз?
Жауап: Сіз дұрыс атап өттіңіз: елдеріміздің өзара іс-қимылы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Бүгінде ол нақты сектордағы дәстүрлі ынтымақтастықтан цифрлық экономика саласындағы әріптестікті дамытуға дейінгі барған сайын кең ауқымды бағыттарды қамтиды.
Қазақстан аумағында қытай капиталының қатысуымен 9 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл – еліміздегі әрбір жетінші шетелдік кәсіпорынға жуық. Олардың қатарында CNPC, CITIC, Huawei және басқа да ірі компаниялар бар.
Қытаймен өнеркәсіптік кооперация инвестиция көлемі 62 млрд доллардан асатын 260 жобаны қамтиды.
Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуының жарқын мысалы – машина жасау саласы. Біздің елде BYD, Howo, Yutong, Golden Dragon, Shacman, JAC, Jetour және басқа брендтердің өндірісі жолға қойылған. Өткен жылы Changan, Great Wall Motor және Chery жеңіл автомобильдерін сериялық өндіру басталды.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – металлургия. Біздің ең ірі компаниямыз – «Qarmet» АҚ өндірістік қуаттарды жаңғырту, технологиялық тиімділікті арттыру және негізгі қорларды жаңарту аясында жетекші қытай корпорацияларымен белсенді өзара іс-қимыл жасап келеді.
Жасыл энергетика бағытындағы әріптестік аясында Қытайдың қатысуымен қуаты шамамен 1,5 ГВт болатын 29 жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта жалпы қуаты 1,7 ГВт-тан асатын тағы 11 жоба жүзеге асырылу кезеңінде.
Озық технологияларды енгізуге келсек, әлемнің жаңа технологиялық циклге еніп отырғаны рас. Жасанды интеллект, робототехника, үлкен деректер және автоматтандыру жекелеген салаларды ғана емес, экономикалық дамудың бүкіл моделін өзгертіп жатыр.
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы бекітілді.
Осы арқылы Қазақстан цифрлық трансформация экономиканы және бүкіл қоғамдық өмірді жаңғыртудың негізгі құралы екенін анық мәлімдеді.
Сондықтан цифрландыру саласындағы Қытаймен ынтымақтастық Қазақстан үшін аса маңызды. Қытай қуатты технологиялық экожүйе қалыптастырып, жасанды интеллект, робототехника, электрондық коммерция және басқа да салаларды дамытуда орасан зор нәтижелерге қол жеткізді.
Өзара іс-қимылдың перспективалары шынында да өте кең. Бұл – өнеркәсіп пен тау-кен секторында жасанды интеллектіні қолдану, энергетикалық желілерді интеллектуалды басқару, ұшқышсыз көлік, цифрлық медицина, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, электрондық коммерция, деректерді өңдеу орталықтары және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру.
Біздің ойымызша, жасанды интеллект технологиялық тұрғыдан ең дамыған мемлекеттердің шағын тобының артықшылығына айналмауы тиіс және, әсіресе, геосаяси текетірес пен қысымның жаңа құралына айналмауы керек. Ол бүкіл адамзаттың дамуына қызмет етуге тиіс.
Мемлекеттер заманауи технологияларға, білімге және есептеу ресурстарына әділ қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуы керек.
Бұл мәселеде біздің ұстанымдарымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Ағымдағы жылдың шілдесінде Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаушы 29 мемлекеттің қатарына кірді.
Бұл – жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестірудің ашық әрі тиімді халықаралық жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуға ұмтылады. Осыған байланысты Екібастұз қаласындағы «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының маңызы зор.
Біз Alatau City жобасына да ерекше назар аударып отырмыз. Әңгіме бірегей экономикалық және технологиялық экожүйе қалыптастыру туралы болып отыр. Мұнда цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект қалалық басқаруға, көлікке, энергетикаға, білімге және қоғамдық сервистерге интеграцияланады.
Біз халықаралық тәжірибені, соның ішінде бірнеше онжылдық ішінде жоғары технологиялардың ірі орталығына айналған Шэньчжэньнің әсерлі үлгісін мұқият зерттедік.
Қытай компаниялары Қазақстандағы осындай жобаларды іске асыруда маңызды рөл атқарады деп үміттенемін. Алдағы жылдары елдеріміз мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа жоғары технологиялық саласын қалыптастыра алатынына сенімдімін.
Инвестициялық «Қазақстан – Қытай» форумына да жеке тоқталғым келеді. Ол 2026 жылғы 25 қыркүйекте Алматыда өтеді. Экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа нақты жобаларын іске қосуға арналған алаңға айналатын бұл форумға қатысуды жоспарлап отырмын.
Төртінші сұрақ
Сұрақ: Шанхай ынтымақтастық ұйымы, «Қытай – Орталық Азия» механизмі, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Қытай мен Қазақстанның қатысуымен көпжақты ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды платформалар болып табылады.
Қазіргі халықаралық және өңірлік жағдайдағы терең өзгерістер аясында осы тетіктердің өңірлік бірлік пен ынтымақтастықты нығайтудағы, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтаудағы, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің дамуы мен өркендеуіне ықпал етудегі рөлін қалай бағалайсыз?
Қытай мен Қазақстан өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз ету, сондай-ақ ортақ даму мен өркендеуге ықпал ету үшін өңірлік және халықаралық мәселелердегі үйлестіру мен өзара іс-қимылды қалай күшейте алады деп ойлайсыз?
Жауап: Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі терең дағдарысты бастан өткеріп отыр. Өзара сенімсіздік кезеңі басталды, геосаяси текетірес күрт күшейді, әмбебап әрі баламасы жоқ халықаралық ұйым ретінде БҰҰ-ның беделі мен әлеуетіне нұқсан келді.
Трансшекаралық сын-қатерлер де шиеленісе түсті. Олардың қатарында терроризм, климаттың өзгеруі, технологиялық теңсіздік және жаһандық жеткізу тізбектерінің бұзылуы бар.
Қазақстан жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық халықаралық күш-жігерді топтастыру қажет деп санайды. Бұл ретте Қытайдың ірі әрі бейбітсүйгіш держава ретіндегі рөлін асыра бағалау мүмкін емес.
Осы тұрғыдан Қазақстан ШЫҰ-ның, «Орталық Азия – Қытай» форматының және АӨСШК-нің сындарлы рөлін жоғары бағалайды. Бұл көпжақты құрылымдардың түпкі мақсаттары ортақ: бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму.
Сондықтан ШЫҰ ерекше қызығушылық тудырады. Биыл Ұйым өзінің 25 жылдығын атап өтуде. 1996 жылғы сәуірде Шанхайда «Шанхай бестігі» құрылған кезде мен сол саммитке қатыстым. Кейін көптеген мемлекеттердің қызығушылығының артуына қарай бұл құрылым кеңейіп, күшейіп, бүгінгі таңда ең беделді әрі тиімді халықаралық ұйымдардың бірі саналатын ШЫҰ-ға айналды.
ШЫҰ ең басты құндылықты – өзара сенімге, теңдікке, диалогқа, мәдени әртүрлілікті құрметтеуге және бірлескен дамуға ұмтылуға негізделген «Шанхай рухын» сақтай алды. Мен бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік «стандарты» деп санаймын.
Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан «Орталық Азия – Қытай» форматын толық қолдай береді. Қысқа уақыт ішінде бұл құрылым өзінің қажеттілігін дәлелдеп, өңір мемлекеттері мен Қытай арасындағы ауқымды өзара іс-қимылдың пайдалы тетігіне айналды.
Өткенге көз жүгіртсек, Қытайдың Орталық Азия халықтарымен бірге Ұлы Жібек жолының қалыптасуы мен өркендеуіне қалай ықпал еткеніне көз жеткізуге болады. Қытай халқы қазақтарға ешқашан жамандық жасаған емес, керісінше, көмек көрсетіп келді. Бұл дәстүрдің бүгінгі күнге дейін сақталғаны қуантады.
Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті барысында елдеріміз мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Бұл құжат ұрпақтар достығы қағидатын құқықтық тұрғыдан бекітіп, алты ел арасындағы қатынастар тарихындағы жаңа белеске айналды.
Жаңа дәуірде Орталық Азия елдері мен Қытай өзара тиімді өңірлік ынтымақтастықтың үлгілерін көрсетіп отыр. Қазақстан үшін өңіріміздің бейбітшілік, тұрақтылық, жасампаз әріптестік және орнықты даму кеңістігі болып қалуы принципті түрде маңызды.
Қазір біз нақты міндеттерді шешуге күш салып отырмыз: көлік дәліздерін дамыту, сауда кедергілерін жою, бірлескен өндірістер құру, заманауи агротехнологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізу, энергетика, цифрлық экономика, ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Басқаша айтқанда, алдымызда елдеріміздің географиялық жақындығын тұрақты экономикалық өзара байланысқа, ал ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін тұрақты экономикалық өсім мен халықтарымыздың әл-ауқатын арттыруға айналдыру міндеті тұр.
Қазақстан үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің маңызы ерекше. Бұдан отыз жылдан астам уақыт бұрын еліміз БҰҰ аясында осындай форум құру туралы бастама көтерген болатын.
АӨСШК Азия аумағының шамамен 90 пайызын және планета халқының жартысына жуығын қамтып отырғаны қуантады. Ол қауіпсіздік пен сенім шаралары мәселелерін талқылауға арналған барған сайын қажетті форумға айналып келеді.
Қазақстан АӨСШК-ні тұрақты қолдап келе жатқан Қытайға алғыс білдіреді. Біз АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастырамыз.
Бесінші сұрақ
Сұрақ: 2026 жыл Қытай мен Қазақстан арасындағы Мәдени алмасу жылы деп жарияланды. Соңғы жылдары екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстар барған сайын жанданып, туризм, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары және жастар алмасуы салаларындағы ынтымақтастық қарқын алып, екі ел халықтарын одан әрі жақындастырып келеді.
Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан арасындағы гуманитарлық алмасулар саласында қол жеткізілген нәтижелерді қалай бағалайсыз? Алдағы уақытта Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік достық идеясы халықтарымыздың жүрегінде одан әрі терең орнығуы үшін тараптар екіжақты қатынастардың қоғамдық негізін қалай нығайта алады деп ойлайсыз?
Жауап: Ежелгі бір ақиқат бар: мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас адамдар арасындағы сенімнен басталады.
Мемлекетаралық қатынастар халықтар бір-бірін біліп, түсініп және құрметтеген кезде ғана шын мәнінде берік болады. Сондықтан біз қазақ-қытай ынтымақтастығының гуманитарлық өлшеміне үлкен мән береміз.
Бұл маңызды бағытта оң нәтижелерге қол жеткізілді. Ресми саяси және экономикалық байланыстармен қатар, елдеріміз азаматтарының тікелей байланыстары да белсенді дамып келеді.
2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениетаралық алмасу жылын» өткізуі осы үрдістің жарқын дәлелі болды.
Өткен жылы Бейжіңде Қазақстанның Мәдени орталығын аштым. Қытай жұртшылығы біздің тарихи мұрамызбен, әдебиетімізбен, музыкамызбен, кинематографиямызбен, ұлттық дәстүрлерімізбен және заманауи өнерімізбен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Білім беру саласына ерекше мән беремін. Бүгінде ондаған мың қазақстандық студент Қытайда білім алып жатыр. Сонымен қатар қазақстандық университеттерді таңдайтын Қытай азаматтарының саны да өсуде.
Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары, «Лу Бань шеберханалары» табысты жұмыс істеп жатыр, академиялық мобильдік және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары кеңейіп келеді.
Мен бұған дейін айтып өткен қазақ-қытай цифрландыру және жасанды интеллект мектебін құруды ұсындым.
Меніңше, бұл тек білім беру жобалары емес, екіжақты қатынастардың болашағына жасалған стратегиялық инвестициялар.
Өзара визасыз режимнің енгізілуі туризмнің дамуына елеулі серпін берді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға келген қытайлық туристердің саны 962 мыңға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 47 пайызға артты.
Елдеріміз азаматтарының өзара саяхатқа деген қызығушылығының артуына тікелей әуе қатынасының кеңеюі және жаңа автомобиль бағыттарының ашылуы ықпал етуде.
Біз қытайлық достарымызға Қазақстанды оның барлық алуандығымен көрсеткіміз келеді: заманауи Астана мен көне Түркістанды, Алматының тауларын және Маңғыстаудың бірегей ландшафттарын, Ұлы даланы және Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық аспаптарымызды, ұлттық тағамдарымызды және қонақжайлық дәстүрлерімізді таныстырғымыз келеді.
Сонымен қатар Қазақстан да бүгінгі таңда таңғаларлық даму үлгісін көрсетіп отырған ежелгі өркениет елі – Қытайды зор қызығушылықпен танып-біліп келеді.
Қазақ және қытай халықтары көптеген ғасырлар бойы көрші болып өмір сүріп келеді. Ұлы Жібек жолы кезінде адамдарды, мәдениеттерді, білім мен өркениеттерді байланыстырды.
Біздің ортақ ұлы өткеніміз халықтарымыз достығының жарқын болашағына негіз болды, сондай-ақ ортақ тарихи тағдырға ие халықтар қауымдастығының табысты қалыптасуына жол ашты.
Аударма 2026 жылғы 9 қыркүйекте «Синьхуа» жариялаған түпнұсқа мәтіннің толық нұсқасына негізделді.





