Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту - баланың тұлға болып қалыптасуының алғашқы әрі маңызды баспалдағы. Осы жауапты салада балаға білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік, ізгілік, еңбекқорлық пен ұлттық құндылықтарды сіңіруге үлес қосып жүрген педагогтердің бірі - Абай облысы білім басқармасының «Аягөз ауданы білім бөлімінің «Аягөз қалалық №1 бөбекжай-балабақшасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының тәрбиешісі Оразаева Әсел Сейсенғалиқызы.
Әсел Сейсенғалиқызы – өз мамандығына жауапкершілікпен қарайтын, ізденіс пен жаңашылдықты педагогикалық қызметінің негізгі бағытына айналдырған тәжірибелі тәрбиеші. Оның кәсіби ұстанымының негізінде әр баланың жеке ерекшелігін ескеру, қабілетін ашу, еркін ойлауына және шығармашылықпен дамуына қолайлы орта қалыптастырып жатыр.
Тәрбиеші күнделікті ұйымдастырылған іс-әрекетте заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, баланың қызығушылығын оятуға ерекше мән береді. Ойын мен тәжірибені, шығармашылық пен танымдық әрекетті өзара сабақтастыра отырып, тәрбиеленушілердің белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізеді. Бүлдіршіндердің әрбір кішкентай жетістігін үлкен нәтижеге бастайтын қадам деп бағалайды.
Педагогтің кәсіби ізденісінің нәтижесі түрлі деңгейдегі жетістіктерінен де байқалады. Асель Сейсенгалиевна «Ханталапай» республикалық байқауы облыстық кезеңінен ІІ орын, «Мен зерттеушімін» танымдық-зерттеушілік республикалық байқауының республикалық кезеңінен «Үздік бірлескен (ата-анамен) жұмыс» номинациясы, «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» республикалық байқауының аудандық кезеңінен ІІ орын, «Көңілді жаз» Республикалық байқауының республикалық кезеңінен ІІІ орын иеленіп, кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісін таныта білді. Бұл жетістіктер – күнделікті жүйелі жұмыстың, жаңашылдыққа ұмтылыстың және бала тәрбиесіне деген жауапкершіліктің нәтижесі.
Тәжірибелі педагог өз білімін тек жеке тәжірибесінде қолданумен шектелмей, жинақтаған озық педагогикалық тәжірибесін облыстық және республикалық деңгейде таратып, әріптестерімен кәсіби тәжірибе алмасуға да белсенді атсалысып келеді. Әдістемелік ізденістері мен тиімді жұмыс тәсілдерін педагогикалық қауымдастықпен бөлісуі – білім беру сапасын жетілдіруге қосқан үлесінің бір көрінісі.
Әсел Сейсенғалиқызы үшін тәрбиеші болу – жай ғана мамандық емес, бала әлеміне жол тауып, оның болашағына бағыт беру. Бүлдіршіндердің бойындағы жақсы қасиеттерді байқап, қабілетін қолдау, ата-анамен ынтымақтастық орнату және әріптестерімен тәжірибе бөлісу – оның педагогикалық қызметінің маңызды құрамдас бөлігі.
Ұстаз еңбегінің шынайы жемісі – тәрбиеленушінің бойынан көрінетін жақсы қасиет пен жарқын жетістік. Оразаева Әсел Сейсенғалиқызының кәсіби жолы – балаға деген мейірім, мамандыққа адалдық пен үздіксіз ізденісті ұштастырған педагог еңбегінің көрінісі.
«Әр баланың жүрегіне жол табу – тәрбиешінің шеберлігі, ал оның болашағына сенім ұялату – ұстаздық еңбектің ең үлкен нәтижесі».




