Конституцияға өзгеріс енгізу керек болса, тек референдум арқылы жасауға болады - Президент
Президент Волонтерлер форумында егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойда екенін айтты.
– Конституция, бұл – кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін. Тағы бір айта кететін маңызды жайт: Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтитын болады, - деді Президент.
Мемлекет басшысы қолданыстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосқанын айтты. Мұны ешкім жоққа шығармайтынын атап өтті.
– Кешегі отырыстағы пікірталаста Комиссия мүшелері «Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабылдауымыз керек» деген байлам жасады. Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты. Ата Заңымызда жарқын болашаққа нық қадам басқан бүгінгі Қазақстанның тұғыры әбден бекіген мемлекет ретіндегі идеалдары, қағидаттары мен басымдықтары көрініс табады. Әрине, қолданыстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан былтырғы 30 тамызда Конституцияның 30 жылдығын кеңінен атап өттік, - деді Мемлекет басшысы.
#ҚР Президенті, #Конституция, #форум, #еріктілер, #Референдум