Өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, кітапхана, музей, мектеп, саябақ және басқа да қоғамдық нысандарды барынша тиімді пайдалану керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты.
Президент өскелең ұрпаққа айрықша назар аударуды да — Халық Кеңесінің міндеті деп атады.
Оқушылар мен студенттер сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдану, жаңа білім игеру, кітап оқу секілді көкжиегін кеңейтетін жасампаз істерге ден қоюға тиіс.
— Ол үшін кітапхана, музей, мектеп, достық үйлері, саябақтар сияқты қолда бар инфрақұрылымды барынша жұмылдыру керек. Сонымен қатар басқа да қоғамдық нысандарды көбейткен жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұны тек үлкен қалаларда ғана қолға алмай, шағын шаһарлар мен аудан орталықтарына, ауылдарға баса назар аудару маңызды.
— Қоғамдық ортаның сапасы адамның тұрғылықты жеріне байланысты болмауға тиіс. Үкіметке әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірігіп, осы мәселеге қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын, — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Халық Кеңесі мемлекет пен жекеменшік серіктестігі тетігін нақты істе қолдану мәселесіне назар аударуы керек.
— Мәдениет пен креативті индустрия саласындағы жобаларды ұзақ уақыт бойы қаржыландыруға мүмкіндік беру үшін эндаумент қорлар туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Басқаша айтқанда, біз азаматтарымыздың қоғам өміріне жан-жақты атсалысуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Өйткені үлкен өзгерістер кішкене қадамдардан басталады. Ұлт пен адами капиталдың жаңа сапасы дәл осылай қалыптасады, — деді Қ. Тоқаев.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елді көркейтуге әрбір азамат атсалысуы керектігін айтқан еді.
Президент тазалықты ұлттық брендке айналдыру керегін айтты.
Сондай-ақ, абаттандыру ісіне жұмсалған қаржы — халқымыздың болашағына жасалған инвестиция екені айтылды.
https://kaz.inform.kz/news/oskelen-urpaktin-bos-uakitin-timd-otkzu-kazhet-prezident-d39bbc80




