Инфрақұрылымды дамыту – елді мекендердің әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды міндет. Бұл ретте жолдарды жөндеу, тұрғын үй салу, медициналық және білім беру нысандарын көбейту, ауызсу мен жылу жүйелерін жаңғырту мәселелері ерекше маңызға ие. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылатын «Халықтық құрылыс» бағдарламасы өңірлердегі өзекті мәселелерді жүйелі шешуге мүмкіндік бермек.
Бұл туралы Халық кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов инфрақұрылымды дамыту және бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуына бақылау жасау мәселелеріне тоқталып, Абай облысындағы өзекті міндеттерді атап өтті. Оның айтуынша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасына жалпы 6,5 триллион теңге қарастыру жоспарланған. Оның ішінде 2027 жылы 1,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Алайда қаржыны игеруден бұрын әрбір жобаның қажеттілігіне жан-жақты талдау жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу маңызды.
«Инфрақұрылым дегеніміз – адамдардың өмір сүруін жақсартатын жағдай жасау. Осы бағытта Қазақстанда “Халықтық құрылыс” бағдарламасы жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында қандай нысанға сұраныс бар екенін анықтап, әр жобаны мұқият зерттеу қажет. Әсіресе өңірлердегі халықтың нақты қажеттілігін ескеру маңызды», – деді Нұртай Сабильянов.
Абай облысында шешімін күткен инфрақұрылымдық мәселелер аз емес. Соның бірі – Семей қаласында көпбейінді облыстық аурухана мен Жолдауда айтылған көпбейінді балалар ауруханасын салу. Бұдан бөлек, жолдарды жөндеу, білім беру және өзге де әлеуметтік нысандарды дамыту күн тәртібінде тұр. Нұртай Салихұлының пікірінше, инфрақұрылымға бөлінетін қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту қажет. Осы мақсатта Мемлекет басшысы инфрақұрылымдық жобалар мен «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінетін қаражатты бақылауға арналған мемлекеттік комиссия құру туралы бастама көтерген. Оның құрамына сала басшылары, Құрылтай депутаттары, Халық кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері тартылуы мүмкін. Бұл қаржының мақсатты жұмсалуына және жобалардың орындалу барысына қоғамдық бақылау орнатуға жол ашады.
Абай облысында, әсіресе Семей қаласында жол инфрақұрылымын жақсарту қажеттілігі айқын сезіледі. Нұртай Сабильяновтың мәліметінше, қаладағы 1179 көшенің шамамен 40–45 пайызында асфальт жабыны жоқ. Қазіргі уақытта жыл сайын 50–100 көше жөнделіп жатқанымен, мұндай қарқынмен барлық көшені ретке келтіруге ұзақ уақыт қажет.
Сондықтан жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу мәселесіне республикалық деңгейде назар аудару маңызды. Мемлекет басшысы республикалық жолдармен қатар, әкімдіктердің қарамағындағы жергілікті жолдарды жөндеу жұмыстарына Үкімет пен Көлік министрлігінің де қатысуы қажеттігін тапсырған.
Өңірдегі жол мәселесі тек Семей қаласымен шектелмейді. Ауылдық елді мекендерге апаратын жолдардың жағдайы да өзекті. Атап айтқанда, Баршатас – Аягөз – Боғас, Аягөз – Қарауыл бағыттары, Ақтоғай, Ақжар мен Ақсуат арасындағы жолдар жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар 60-қа жуық ауылдың кіреберіс жолдарының жағдайы сын көтермейді.
Инфрақұрылыммен қатар, әлеуметтік мәселелерді шешу де маңызды. Әсіресе әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты өзгерістерді енгізуде жан-жақты зерттеу жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Нұртай Сабильяновтың айтуынша, Мемлекет басшысы әлеуметтік бастамаларды бірден енгізбей, алдымен олардың тиімділігін зерттеп, пилоттық жобалар арқылы сынақтан өткізуді тапсырған. Қазіргі уақытта тиісті министрліктер осы бағыттағы жұмыстарды қолға алуға дайындалуда. Сонымен бірге қалалардың даму жоспарларын бекіту тәртібіне де өзгерістер енгізілмек. Алдағы уақытта қалалардың даму жоспарларын Үкімет бекітеді. Бұдан бөлек, ірі қалалар үшін арнайы цифрлық платформалар әзірлеу ұсынылып отыр. Мұндай платформа арқылы қаланың инфрақұрылымдық жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік туады. Мәселен, қай көшеге жөндеу қажет екені, қанша тұрғын үй салу керектігі, қай аумақта мектеп, аурухана немесе спорт нысаны қажет екені, қай жерде жылу мен су тапшылығы бар екені цифрлық жүйеде көрініс табады. Бұл шешім қабылдауды жеңілдетіп, бюджет қаражатын басым бағыттарға бөлуге мүмкіндік береді.
Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Абай облысында 30 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл мәселені шешу үшін тұрғын үй құрылысын жүйелі түрде жүргізіп, әлеуметтік қажеттіліктерді ескере отырып, жаңа жобаларды іске асыру қажет. Сондай-ақ ауылдық елді мекендердің жол қатынасын жақсарту, әлеуметтік нысандар салу, инженерлік желілерді жаңғырту бағытындағы жұмыстарды да үйлестіру маңызды.
«Абай облысында шешілмей жатқан мәселелер жетерлік. Оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, Семей қаласының көшелерін жөндеу, ауылдық елді мекендерге апаратын жолдарды жақсарту бар. Осындай мәселелердің барлығын жүйелі түрде үйлестіріп, қай жерде қандай нысан қажет екенін анықтауға цифрлық платформа мүмкіндік береді», – деп атап өтті Нұртай Сабильянов.
Жалпы, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру өңірлердің дамуына тың серпін беруге тиіс. Ең бастысы – бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, жобалардың халықтың нақты сұранысына сай болуы және олардың орындалуына қоғамдық бақылаудың қамтамасыз етілуі. Өйткені инфрақұрылымға салынған инвестицияның түпкі нәтижесі – халықтың өмір сүру сапасының жақсаруы.




