Заң мен тәртіп 107 қаралымabaidan.kz

Жарма ауданында 52 бас мал ұрлығының беті ашылды

Жарма ауданында 52 бас мал ұрлығының беті ашылды

Абай облысында полицейлер Жарма ауданында ірі қара мал ұрлығына қатысты бірқатар қылмыстың бетін ашты. Тергеу барысында алты эпизодқа сегіз адамның қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 19,8 миллион теңгеден асты. 2025 жылдың қыркүйек айында Суықбұлақ ауылының маңында малдың жоғалғаны туралы полицияға арыздар түсе бастаған. Әртүрлі уақытта шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындарға тиесілі мал ұрланған.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Полицейлер малдың жоғалу мән-жайын анықтап, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеді, сондай-ақ жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізді. Тергеудегі маңызды айғақтардың бірі жеке тұрғын үй ауласында ірі қара малдың сойылған сәті түсірілген бейнежазба болды. Жазбаны зерделеп, алынған мәліметтерді тексеру нәтижесінде күдіктілер анықталды.

Жарма ауданында 52 бас мал ұрлығының беті ашылды

Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде сегіз адам ұсталды. Алғашқы дерек бойынша тергеу жұмыстарын жалғастырған полицейлер мал ұрлығының тағы бес эпизодын анықтады. Жалпы, тергеу барысында 52 бас ірі қара малдың ұрланғаны дәлелденді. Келтірілген шығын көлемі 19 845 368 теңгені құрады.

Жарма ауданында 52 бас мал ұрлығының беті ашылды

Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды. Жарма аудандық сотының үкімімен кінәлілер бас бостандығынан айырылды. Абай облысы Полиция департаменті мал иелеріне төрт түліктің жайылымдағы қозғалысын бақылап, малдың бар-жоғын уақытылы тексеріп отыруды және жоғалған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарласуды ескертеді.

Полиция өкілдерінің айтуынша, оқиға туралы ертерек хабарлау малды іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастыруға және қылмыс іздерін сақтап қалуға мүмкіндік береді.