Президент Астананың бауырлас қалалары форумында.

Президент Астананың бауырлас қалалары форумында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астананың 25 жылдығы. Жаңа даму бағыттары. Жаңа мүмкіндіктер» атты елорданың бауырлас қалалары форумының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

 

Мемлекет басшысы, ең алдымен, жиынға қатысып отырған бауырлас қалалардың басшыларына, әлемнің бірнеше елінен арнайы келген мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, Астананың 25 жылдық қалыптасу тарихына қысқаша тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналғанына назар аударып, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділетті баға беру керек екенін айтты. Президенттің пікірінше, Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе.

Астананы бірлік пен берекенің бесігі деуге толық негіз бар екенін, бұл қалада ең маңызды шешімдер қабылданатынын, болашақта да солай бола беретінін жеткізді.

Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің екі мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін

, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі. Олар мемлекеттердің өркеуінде жетекші рөл атқарады. Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады.

 

Сөзін қорытындылай келе, Президент елімізде Әділетті Қазақстан құру үшін ауқымды институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатқанына назар аударып, маңызды саяси реформалар нәтижесінде азаматтардың мемлекеттік, әсіресе, жергілікті жерде шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейгенін атап өтті.

Еліміздегі қала тұрғындары енді өздері сыйлайтын әрі сенетін депутаттарды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жауапкершілігі мол азамат қағидаттарын орнықтыруға елеулі үлес қосады. Адамдардың өз қаласындағы тұрмыс-тіршілікті жақсарту ісіне ықпал етуге мүмкіндік береді. Алайда қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, барлық реформамыздың мәні болмайды. Бұған кәміл сенемін. Қазақстанның орнықты дамуы үшін дүниетаным парадигмалары түбегейлі өзгеріп, адамдардың мінез-құлық моделі жаңаруы қажет. Сондықтан мен жастарға, қалалар мен елорданың жас тұрғындарына үлкен үміт артамын

, – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар жиында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Рабат қаласының мэрі Асмаа Рхлалу (Марокко), Нусантара қаласы ұлттық астаналық басқармасының басшысы Бамбанг Сусантоно (Индонезия), Пенза облысының губернаторы Олег Мельниченко (Ресей), Бразилиа федералды округінің мемлекеттік хатшысы Фелипе Рамон Моро Родригез (Бразилия), Бішкек қаласының мэрі Эмильбек Әбдіқадыров (Қырғызстан), Белград қаласының вице-мэрі Весна Видович (Сербия) сөз сөйледі.


#ҚР Президенті, #Астана