Президент балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады
Елордада ел Президенті атынан «Жаңа жыл республика төрінде» атты республикалық шырша мерекесі өтуде. Оған еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам бала жиналды, деп хабарлайды Kazinformсілтеме жасап, abaidan.kz тілшісі. Шыршаға шақырылған балаларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хат табыс етілді.
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
«Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Осы тамаша мейрам өзіңді қуаныш пен шаттыққа бөлесін! Өмірің жарқын сәттерге толы болсын! Кітап оқы, спортпен шұғылдан, табиғатты аяла және жақсылық жасауға ұмтыл! Білімпаз, еңбекқор, адал азамат бол! Асқақ армандарың ақиқатқа айналсын! Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!», - деп жазды Президент балаларға арналған құттықтауында.
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
Балалармен бірге шырша шамын жағуға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.
«Бүгін өздеріңіз сынды 6 миллионнан астам бала Жаңа жыл мерекесін тойлауда және республикамыздың 20 өңірінен жүздеген бала осы Президент шыршасына қатысып, үлкен мерекелі тойды бірге өткізудеміз. Жалпы сіздер осы үш күн бойы әсем қаламыз Астананың ең көрікті жерлерін араладыңыздар. Оның ішінде тәуелсіздік символына айналған Бәйтерекке де барды деп естіп отырмын. Мемлекет сіздердің бақытты балалық шақты өткізулеріңіз үшін аянбай барлық мүмкіндіктерді жасап жатыр. Ендігі жерде, құрметті жас достар, сіздер де сабақтарыңызды беске оқып, саналы тәрбие алып, осы елдің беделді, мықты азаматы болып өсулеріңізге барлық мақсат-мұраттарыңызды арнауға тиіссіздер», - деді Оқу-ағарту министрі.
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
Сонымен бірге, Ғани Бейсембаев балаларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атынан сыйлықтарды табыс етті. Рюкзак ішінде Президенттің құттықтау ашықхаты, планшет, тәттілер және энциклопедиялық кітаптар бар.
Шырша салтанатына қатысушылардың ішінде он жасар Кәусар Алмасқызы да бар. Жетісу облысы Талдықорған қаласындағы №19 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы бұл шара үшін арнайы өз қолымен 100 раушан гүлінен сәнді көйлек тігіпті.
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
Отбасы үлгісіндегі балаларды қолдау орталығының тәриеленушісі, Маңғыстау облысынан келген Виктор Баяркин Президенттен шақырту алғаны үшін алғысын білдірді. Үшінші сынып оқушысы каратэмен айналысады және домбырада ойнайды.
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
«Шырша тойына қатысқаным үшін аса қуаныштымын. Оның үстіне бізге көптеген сыйлықтар берілді. Осындай шексіз қуаныш сыйлаған Президентке және барша қатысушыларға рахмет айтамын», - дейді ол.
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
Балаларға елорданың үздік шығармашылық ұжымдарығ Маржан Арапбаева, Қарақат Әбілдина, Ержан Максим сынды танымал әншілер өнер көрсетті. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солистері «Күлбикеш» спектаклінің қойылымын тарту етті.
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform
Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі жаңа жыл мерекесіне келген қатысушылар үшін Астана қаласы бойынша экскурсия өткізген болатын. Балалар елорданың ең танымал орындарына барды.
#ҚР Президенті, #балалар, #шырша