Президент құрылтайда ұсынған жалпыұлттық құндылықтар қандай
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Атырауда өткен ұлттық құрылтайдың басты ерекшеліктерін атады,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысының басты ерекшелігі — Мемлекет басшысы осыған дейін айтқан идеологемаларды қорыта келе, жалпыұлттық құндылықтардың нақты тізімін ұсынғанында.
Бұл — Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық.
«Осы құндылықтар тұғырнамасы мемлекеттің білім беру саласындағы, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі және мәдени-ағарту жұмысындағы басты бағдары болады. Бұл құндылықтар қазіргі кездегі идеологемаларды ғана емес, сонымен бірге бәріміз қалыптастыруға тиіс жаңа әлеуметтік этиканың контурын айшықтайды. Мемлекет басшысы құрылтайда сөйлеген сөзінде „Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз“ деді. Өрлеуге ұмтылу — елдің дамуына кедергі келтіретін барлық нәрседен бас тартуды ғана емес, барша азаматтардың өзін-өзі дамытуға деген белсенді ұмтылысын да білдіреді», — деп жазды Ерлан Қарин Telegram парақшасында.
Сондықтан бұл құндылықтар, қоғамда бүкіл еліміздің және әрбір азаматтың мүддесін тоғыстыратын прогрессивті мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруды көздейді.
#ҚР Президенті, #Ұлттық Құрылтай