Президент Оқу-ағарту министріне Qazaq Digital mektebi жобасын іске асыруды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қабылдады. Кездесу барысында Президентке 2025 жылдың қорытындылары мен 2026 жылға арналған негізгі міндеттер таныстырылды. Министрдің айтуынша, жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленіп, мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде. Жұлдыз Сүлейменова бастауыш білім беру мазмұнына жүйелі талдау жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, мектеп бағдарламалары оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық бере отырып қайта қаралып жатыр.
Сондай-ақ министр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы аяқталғанын мәлімдеді.
Саланы цифрландыру бағытында да бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта мектептердің 99 пайызы интернетке қосылған. «Әлеуметтік әмиян» жобасы 6760 мектепке енгізілген. Сонымен қатар дипломдар, аттестаттар мен анықтамалар цифрлық форматқа көшірілді. «Ұстаз» платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді. Министрдің мәліметінше, 240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өткен. Тағы 200 мың педагог ChatGPT Edu жобасы аясында ЖИ-ассистенттерді пайдалану дағдыларын меңгеруде. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында 184 білім беру нысаны іске қосылған. Нәтижесінде үш ауысымды 80 және апатты жағдайдағы 31 мектептің мәселесі шешімін тапқан. Сонымен қатар 209 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 1192 пәндік кабинет заманауи құралдармен жабдықталған.
Балабақшаға кезек шамамен екі есеге қысқарғаны да айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент білім сапасын арттыру және оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, мектептердегі орын тапшылығын азайту, жұмысшы мамандарды даярлау жүйесін дамыту, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және білім беру саласын цифрлық трансформациялау, соның ішінде Qazaq Digital Mektebi жобасын іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы алдағы үш жылда «Келешек мектептері» жобасының озық тәжірибесін барлық білім беру ұйымдарына енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы бүгін Қарулы Күштерде бірқатар кадрлық тағайындаулар жасады.
kaz.inform.kz
#ҚР Президенті, #ҚР Оқу-ағарту министрлігі