Тоқаев: Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйледі.
- Баршаңызға Волонтерлер форумының ашылуы құтты болсын! Бұл – шын мәнінде ерекше басқосу. Бәріңіз де бүгінгі форумға еліміздің әр аймағынан келіп жатсыздар. Мен Сіздерді қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп санаймын. Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтуде. Өздеріңіз білесіздер, бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында көтердім. Еліміздің ұсынысы жаһандық ауқымда қолдау тапты. Біз өркениетті ел ретінде күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейміз, оны келешек ұрпаққа аманат етеміз. Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз, - деді Президент.
Ол ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таңдайтынын, еріктілер қатарына қосылып, қажырлы еңбек ететінін атап өтті. Оның пайымынша, еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп айтсақ, артық болмайды.
Мемлекет басшысы форумда айтылған ұсыныстарды қолдайтынын және олардың ең пайдалысын жүзеге асыру бойынша тапсырма беретінін де жеткізді
- Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. Осы орайда, бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғысымды айтамын. Сіздер барлық игі істің басы-қасында, халқымыздың арасында жүрсіздер! Еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Жаңа ғана бірнеше азамат сөз сөйледі, салмақты ойларын ортаға салды. Ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Олардың көбін мен қолдаймын, ең пайдалы ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беремін. Халқымыз «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында. Бәріңізге «Жарайсыздар!» деп айтқым келеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
#ҚР Президенті, #форум, #еріктілер