101 жылдан кейін қайта жаңғырған дәстүр: Қайрат Қабышевтің рекордтық бастамасы ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған

101 жылдан кейін қайта жаңғырған дәстүр: Қайрат Қабышевтің рекордтық бастамасы ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шәкәрім университетінің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов пен дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев алдағы мәдени жоба туралы пікір білдірді. Асқар Қасымовтың айтуынша, бұл бастама қазақтың дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттаумен қатар жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

– Қайрат Арқашұлы жылдар бойы дәстүрлі ән өнерін насихаттап, шәкірт тәрбиелеп келеді. Бұл жоба оның шығармашылық жолындағы ғана емес, жалпы ұлттық өнер тарихындағы маңызды бастамалардың бірі деп есептейміз, – деді ол.

Қайрат Қабышев қазақтың дәстүрлі ән өнерін әлемге таныту әрбір өнер иесінің басты мұраты екенін атап өтті.

– Көп жылдан бері халқымыздың бай ән мұрасын насихаттап келемін. Өткен жылы Шәкәрім университетінің 90 жылдығына арналған шарада 25 әнді үздіксіз орындадым. Осыдан кейін бұл жетістікті халықаралық деңгейде тіркеу үшін GBR ұйымына өтініш жолданды. Ұйымнан оң жауап алдық. Енді қазақ әнінің рухани байлығын көпшілікке таныстырып, бұл жобаны абыроймен жүзеге асыруға ниеттеніп отырмын. Осы бастамаға қолдау білдірген барша азаматқа алғысымды білдіремін, – деді дәстүрлі әнші.

Еске салайық, рекордтық жоба 10 маусым күні сағат 10:00-де Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда басталады. Қайрат Қабышев 100 әнді үздіксіз орындап, нәтижесі халықаралық сарапшылардың қорытындысы негізінде бағаланады.


#Абай облысы, #мәдениет