Абай облысына 3,5 трлн теңге инвестиция тартылды
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли атап өтті.
Абай облысында бизнесті қолдау мен инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың саны 29-дан 97-ге дейін артты. Тартылған инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілген.
Ірі инвестициялық жобалардың бірі – көлемі 577,5 млрд. теңгені құрайтын жалпы ұзындығы 297,5 шақырым «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы. Бұл – өңірдің және тұтас еліміздің дамуына тың серпін беру үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталған ауқымды жоба. Мердігер ұйым – China Harbour Engineering Company. 10,5мың гектар жер учаскесі резервке қойылған. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі бекітілді, 2023 жылы іске асыру басталды. Қазіргі уақытта жобаға 30 млрд теңге инвестиция салынды. Нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек өнеркәсіп саласында Түркияның «Miryildiz Kz Ltd.» компаниясы жалпы құны 480 млн АҚШ долларын құрайтын «Алтын өндіру фабрикасын салу» жобасын іске асыруды бастады.
Биыл жалпы сомасы 25,9 млрд. теңгеге 453 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда 13,3 млрд. теңгеге 7 жоба жүзеге асырылды, 124 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін құны 12,6 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаны іске қосу көзделіп отыр.
#Абай облысы, #экономика, #инвестиция