Абай еліне рухани тарту: екі бірдей маңызды кітаптың тұсаукесері өтті
Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Семей қаласындағы «Ес-аймақ» рухани орталығында ерекше рухани кеш өтті. Бұл күні халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясының және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қаламгер Бағашар Тұрсынбайұлының «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабының тұсаукесері болды.

Қос туынды ұлы Абайдың рухани әлемін тереңнен тануға, оның мұрасына жаңаша көзқараспен үңілуге мүмкіндік беретін құнды еңбектер. Энциклопедиялық және танымдық сипаттағы бұл кітаптар әдебиетсүйер қауымға арналған маңызды рухани олжа.
Іс-шараға қоғам және әдебиет қайраткерлері қатысты. Атап айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжанов, профессор, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов, ақын Асылан Тілеген, жазушы, документалист Қанат Тілеухан кештің құрметті қонақтары қатарынан табылды.

Кештің модераторы – филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып болды. Ол Абай мұрасын насихаттаудағы осындай еңбектердің маңызына тоқталып, авторларға жылы лебізін білдірді. Бұл тұсаукесер ұлы Абайдың шығармашылығына арналған іс-шаралардың жарқын жалғасы ғана емес, сонымен қатар ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлес болды.
Тұсаукесерде облыс әкімі аппаратының басшысының орынбасары Ербол Алшынбай аймақ басшысы Берік Уәлидің құттықтауын жеткізді.
«Әлем әдебиетінің тарихында көркем шығармаға арналған танымдық энциклопедия некен-саяқ. Ал біздің ұлттық әдебиетімізде мұндай энциклопедия тұңғыш рет болып отыр. Сондықтан бұл абайтанудың жаңа кезеңінің бастауы деп сенеміз. Абайдың мол мұрасы, ғибратты ғұмырнамасы және рухани қазынасын өскелең ұрпақ санасына сіңірудегі маңызды еңбек», - делінген құттықтау хатта.
#Семей, #Абай облысы, #Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл , #кітап