Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Мәдениет 36 қаралымabaidan.kz

«Әуелеген әуендер»: Семейде филармонияның жаңа маусымы ашылды

«Әуелеген әуендер»: Семейде филармонияның жаңа маусымы ашылды

Семей қаласында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 81-ші концерттік маусымы шымылдығын түрді. Жаңа маусымның ашылуына орай «Әуелеген әуендер» атты концерт ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымға ерекше рухани кеш ұсынылды.

«Әуелеген әуендер»: Семейде филармонияның жаңа маусымы ашылды

Мәдени шараға қала әкімі Әділет Қожанбаев пен филармония директоры, белгілі күйші-композитор Секен Тұрысбеков қатысып, өнер ордасының жаңа шығармашылық кезеңіне сәттілік тіледі. Концерт барысында филармонияның шығармашылық ұжымдары көрерменге мазмұнды бағдарлама ұсынып, қазақ өнерінің бай мұрасын әуезді әндер мен күмбірлеген күйлер арқылы паш етті. «Әуелеген әуендер» атауының өзі кештің мазмұнына сай келіп, өнер мен әуеннің адам жүрегіне әсер ететін қуатын айшықтай түсті.

«Әуелеген әуендер»: Семейде филармонияның жаңа маусымы ашылды

Маңызды жаңалықтың бірі – филармония алдындағы қоғамдық кеңістіктің қайта абаттандырылуы. Қала әкімі Әділет Қожанбаев бұл жұмыстың Берік Уәлидің қолдауымен жүзеге асқанын атап өтті.

«Әуелеген әуендер»: Семейде филармонияның жаңа маусымы ашылды

«Әміре Қашаубаев атындағы филармония алдындағы қоғамдық кеңістік өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері күрделі жөндеу көрмеген еді. Берік Уәлиұлының тапсырмасымен бұл аумақ қайта жаңарып, жаңа келбетке ие болды. Өнер ордасының айналасымен бірге шығармашылық тынысы да жаңарғандай. Секен Тұрысбекұлы басшылыққа келгелі әртістердің де жаңа серпін алып, тың шабытпен еңбек етіп жүргені байқалады», – деді қала әкімі.

Жаңарған қоғамдық кеңістік филармония ғимаратының сәулеттік келбетін айқындап қана қоймай, тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, мәдениет ошағының айналасы да шаһардың қоғамдық-мәдени өмірінің бір бөлігіне айнала түсті. Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония – Семейдің мәдени өмірінде өзіндік орны бар өнер ордасы. Оның 81-ші концерттік маусымының ашылуы – дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын көрсеткен маңызды мәдени оқиға. «Әуелеген әуендер» концерті көрерменге әсем әуен мен кәсіби өнердің үйлесімін ұсынып, жаңа шығармашылық маусымға серпін берді. Өнерпаздар мен тыңдарман қауымды бір арнаға тоғыстырған кеш алдағы уақытта да мазмұнды концерттер мен тың жобалардың жүзеге асуына жол ашатыны анық.

Жаңа маусымның басталуы – филармония ұжымы үшін жаңа белес, ал Семей жұртшылығы үшін сапалы өнермен қауышатын жаңа мәдени кезеңнің бастауы болды.