Барнауыл қаласында салт-дәстүрімізді дәріптеп қайтқан семейлік тұрғындарға құрмет көрсетілді

Барнауыл қаласында салт-дәстүрімізді дәріптеп қайтқан семейлік тұрғындарға құрмет көрсетілді

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Ресейдің Барнауыл қаласына барып, салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған семейлік азаматтар, Гринев, Неклюдов және Жаймұхамедовтар отбасын қабылдады.

Биылғы 6 қыркүйек күні жерлестеріміз Барнауыл қаласында болған құдалыққа қатысып, шапан, тақия секілді ұлттық киімдерімізді киіп, қазақы дәстүрмен шашу шашып, береке-бірліктің, достық пен туыстықтың үлгісін көрсетіп қайтты. Әлеуметтік желілерде тойдан жарияланған видеоға жұртшылық тарапынан жылы лебіздер айтылып, этностар арасындағы сыйластық пен құрметтің үлгісі ретінде бағаланды. Кездесу барысында аймақ басшысы жерлестеріміздің қуанышты рәсімдегі әрекеттерінің ел бірлігін нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті.

«Құрметті Юрий Владимирович! Сіз отбасыңыздың үлкені ретінде ұлттық дәстүрге деген шынайы құрмет пен туған жерге деген зор сүйіспеншілікті айқын көрсеттіңіз. Бүгінде Сіздің отбасыңыз қаламыздың өркендеуі жолында әр салада адал еңбек етіп келеді. Сіз жасаған игі іс пен өнегелі қадам көпшілікке үлгі болды. Нағыз елжанды азаматтарды тәрбиелеп өсіргеніңіз үшін өз алғысымды білдіремін. Бұл кездесуге 6 қыркүйекте өткен сіздердің отбасылық қуаныштарыңыз себеп болып отыр. Сіздер, шағын ғана отбасылық мерекелеріңізді ұлттық патриотизмнің үлгісіне айналдыра алдыңыздар», – деді облыс әкімі.

Кездесуде сөз алған күйеу жігіттің әжесі, зейнеткер Галина Неклюдова тойға арнайы дайындалмағанын, алайда қазақ елінен келгенін көрсетуді, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуді мақсат екенін айтты.

«Шынын айтсақ, алдын ала жоспар құрып, дайындалған жоқпыз. Бірақ барлығын шын жүректен, шын ниетпен жасадық. Бізді шын жүректен құттықтаған барлық жандарға алғыс айтамыз. Біздің мақсатымыз – Ресейдегі жаңа туыстарымызға қай жерден келгенімізді көрсету, туған елімізді таныстыру болатын. Сонымен қатар дәстүріміз бен салт-санамызды, ұлттық құндылықтарымызды паш еткіміз келді. Сол себепті бейнежазба да ерекше шықты деп ойлаймын. Әсіресе мемлекеттік Туымызға айрықша мән бердік. Бізді қолдаған барлық жандарға ризашылығымызды білдіреміз», – деді ол.

Кездесу барысында Барнауылға барып отанға деген сүйіспеншіліктің үздік үлгісін көрсетіп қайтқан жандарға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.

Бүгінде өңірімізде 50-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Облыстағы 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік ынтымақ пен береке-бірлікті нығайтуға өз үлесін қосып отыр.


#Абай облысы, #Ассамблея, #Берік Уәли