Абай елінде қазақ детективінің бүгінгі тынысы сараланып, үздік қаламгерлердің шығармашылық еңбегі ұлықталды
Әдебиет әлемінде әр жанрдың өз оқырманы, өз өрнегі, өз табиғаты бар. Соның ішінде оқырманын жұмбақтың шешімін іздеуге жетелеп, адам мінезінің қатпарлы қырларын ашатын детектив жанрының орны бөлек. Қазақ әдебиетінде бұл бағыттың негізін қалыптастырып, ұлттық детективтің өзіндік мектебін орнықтырған қаламгер – Кемел Тоқаев. Семей қаласында тоғызыншы рет ұйымдастырылған Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауының қорытындысы шығарылып, осы жанрда қалам тербеп жүрген үздік авторлар марапатталды. Биылғы әдеби дода үшін Семей төрінің таңдалуы да символдық мәнге ие. Абай елінде өткен байқау қазақ детективінің дәстүрі мен бүгінгі ізденістерін тоғыстырған айтулы мәдени оқиғаға айналды.

Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, «Заң» Медиа-корпорациясының директоры Досымбек Өтеғалиев, белгілі журналист Дәулетхан Жиенқұл, Қызылорда облысы мәслихатының депутаты Әмірбек Шаймағамбетов, Абай облыстық сотының төрағасы Қайрат Шақпантаев пен БАҚ және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Дәстүрден бастау алған дүбір
Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауының тарихы 2017 жылдан басталады. «Заң» Медиа-корпорациясының бастамасымен қолға алынған шығармашылық жоба содан бері еліміздің әр өңірінде өткізіліп келеді. Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстары, Алматы мен Шымкент қалалары әдеби доданың талай мәрте куәсі болды. Биыл байқаудың жалауы алғаш рет Абай облысында желбіреп, Семей шаһары қазақ детективінің жаңа шығармаларын саралаған әдеби алаңға айналды.

Байқаудың жыл өткен сайын жалғасын тауып келе жатқаны – оның жай ғана шығармашылық жарыс емес, белгілі бір әдеби бағытты қалыптастыруға ықпал етіп отырғанын аңғартады. Өйткені детектив – тек жұмбақ пен қылмысты ашуға құрылған жанр емес. Оның астарында қоғамның тынысы, адам психологиясы, моральдық таңдау, заң мен әділет мәселелері жатады.

Облыс әкімі Берік Уәли өз сөзінде байқаудың қазақ детективін дамытудағы маңызын атап өтті.
«Қазақ детективінің атасы» атанған Кемел Тоқаевтың мұрасын жаңғыртып, кенжелеп қалған жанрдың дамуына қозғау салған бұл байқаудың өміршең, ел игілігіне қызмет ететіні алғашқы қадамынан-ақ байқалған болатын. Оны шытырман шығарма жазуға деген қызығушылар санының жыл өткен сайын артып келе жатқанына қарап бағамдау қиын емес. Соның арқасында қазақ детективінің қоры да көркем, сындарлы, соны шығармалармен толыға түсті. Бұған дейін еліміздің әр түкпірінде желкенін жайып, детектив жазуға қабылеті бар жандарды ынталандырып келген байқаудың жалауы биыл киелі Абай елінде желбіреп отыр», – деді облыс басшысы.
«Соны соқпақ» – жаңа шығармалардың жинағы
Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі – жүлдеге іліккен 15 үздік шығарманың байқау қорытындысы жарияланғанға дейін жеке жинақ болып жарық көруі. «Соны соқпақ» деп аталған жинақ Абай елінен қалған рухани естелік іспетті. Қорытынды шара барысында кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға таныстырылды. Жинақ атауының өзі символдық сипатқа ие. Өйткені детектив жанрының табиғаты да үнемі жаңа соқпақ іздеумен сабақтас. Қылмыстың ізін қуған кейіпкер де, оқырманды жұмбақтың шешіміне жетелеген автор да қалыптасқан сүрлеумен жүрмейді. Әр шығарма тың тәсіл, тосын шешім, өзгеше кейіпкер талап етеді.

Жинаққа Кемел Тоқаев туралы естеліктің енгізілуі де тағылымды. Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің замандасы болған қаламгердің шығармашылық жолы кейінгі буынға өнеге. Демек, «Соны соқпақ» – тек байқау жеңімпаздарының шығармалар топтамасы ғана емес, қазақ детективінің дәстүрі мен бүгінгі ізденістерін жалғайтын әдеби көпір.
Жұмбақтың шешімі – жаңа есімдер
Байқауға ұсынылған шығармаларды журналист, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жанарбек Әшімжан бастаған қазылар алқасы саралады. Қазылар құрамында жазушы, журналист Серік Әбікенұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Абай облыстық филиалының төрағасы Мерей Қарт және құқық саласының ардагері, адвокат Бауыржан Ахметов болды.
Әдебиет пен құқық саласының өкілдері қатар қамтылған қазылар құрамы детектив жанрының табиғатына да сәйкес келеді. Өйткені бұл жанр көркемдік шеберлікпен бірге логикалық жүйені, оқиға желісінің нанымдылығын, құқықтық ұғымдардың дәлдігін талап етеді.

Биылғы байқаудың бас жүлдесін «Ақ көйлек» шығармасымен ақын, жазушы Әділбек Ыбрайымұлы иеленді.
Бірінші орын «Медбикенің мінәжаты» шығармасының авторы Алдажар Әбіловке бұйырды.
Екінші орынға «Қоңыр қайысқа түскен таңба» шығармасымен Закира Нұрланқызы және «Ала жіп» шығармасымен Болай Бердиева ие болды.
Үшінші орын «Батпырауық» шығармасының авторы Сабырбек Олжабайға, «Қармақ» шығармасының авторы Мирас Мұқашқа және «Оянбаған әке» шығармасының авторы Асхат Өмірбаевқа берілді.
Ал ынталандыру сыйлығы мен арнайы жүлде Абай облысының тумалары Аружан Мұсатаева мен Сая Исаға табысталды. Аружан Мұсатаева «Алданған арман» шығармасы үшін ынталандыру сыйлығына ие болса, Сая Иса «Пианистің ажалы» шығармасы үшін арнайы жүлдемен марапатталды.

Бұл есімдердің әрқайсысы – қазақ детективінің бүгінгі тынысын танытатын шығармашылық ізденістің бір көрінісі.
Кемел Тоқаев салған сүрлеу
Кемел Тоқаевтың есімі аталған жерде қазақ детективі туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Оның шығармалары ұлттық әдебиеттегі детектив жанрының қалыптасуына жол ашып, оқырманға шытырман оқиғаны ғана емес, адам тағдыры мен қоғам шындығын қатар ұсынды.

Бүгінгі авторлар сол дәстүрді қайталаумен шектелмей, оны заман талабына сай жаңғыртуға ұмтылуда. Бұл тұрғыдан алғанда, республикалық байқаудың басты жетістігі – жаңа шығармаларды жарыққа шығарып қана қоймай, авторларды ізденуге ынталандыруы. Әдеби байқаулардың мәні де осында. Жүлде – шығармашылық еңбектің сыртқы нәтижесі ғана. Ең бастысы – қаламгердің өз мүмкіндігін сынауы, оқырманмен қауышуы, жаңа шығармаға жігер алуы. Абай елінде өткен биылғы байқау осы тұрғыдан алғанда қазақ детективінің даму жолындағы кезекті бір белес болды.

Он жылдыққа – жаңа формат
Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауы келесі жылы өзінің он жылдық мерейтойын атап өтеді. Ұйымдастырушылар мерейтойлық доданы жаңа форматта өткізуді жоспарлап отыр. Соның бірі – бұған дейін бас жүлде мен бірінші орын иеленген авторлар арасында детектив повесть жанры бойынша шығармашылық бәйге ұйымдастыру.
Бұл бастама байқаудың бір кезеңінің еншісінде қалып қоймай, уақыт талабына қарай жаңарып отыруға ұмтылысын көрсетеді.

Он жылдық – кез келген шығармашылық жобаның қалыптасқанын таразылайтын маңызды меже. Кемел Тоқаевтың қаламынан бастау алған қазақ детективінің соқпағы бүгінде бірнеше буын қаламгердің ізін жалғап келеді. Бірі жұмбақтың шешімін іздесе, бірі адам болмысының құпиясына үңіледі. Бірі қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды көркем шығармаға арқау етсе, енді бірі заң мен әділет тақырыбын таразылайды. Бәлкім, детектив жанрының өміршеңдігі де осында шығар. Оның әр шығармасында бір ғана сұрақтың жауабы ізделмейді. Оқырманды «Кінәлі кім?» деген сауалмен бірге «Ақиқат қайда?», «Әділет деген не?», «Адам тағдырының таразысы қай тұста?» деген сауалдарға жетелейді. Семейде қорытындыланған тоғызыншы байқау да осы ізденістің жалғасқанын көрсетті. Ал келер жылғы он жылдық дода қазақ детективінің жаңа белесін ашпақ. Кемел Тоқаевтың өнегелі жолы жалғасып келеді. Ал сол жолмен жүріп келе жатқан жаңа буынның алдында әлі талай жұмбақ, талай кейіпкер, талай тағдыр және талай тың шығарма бар.




