Семейде «Руханият-2026» сыйлығы табысталды

Семейде «Руханият-2026» сыйлығы табысталды

Семей қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Іс-шара барысында өңірдің рухани дамуына үлес қосып жүрген мәдениет және өнер саласының өкілдері марапатталды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Салтанатты кешке облыс әкімі Берік Уәли қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ең алдымен мәдениет арқылы ұлықталады», – деп атап өткен болатын. Осы бағытта Абай облысында мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша үлкен театр бой көтереді. Атырау облысы «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында кітапхана салады. Шымкент қаласының қолдауымен Шығармашылық орталығы мен мәдениет үйі салынбақ. Бұдан бөлек, аудан, ауылдарда мәдениет үйлері бой көтереді. Бұның барлығы мәдениет саласының қызметкерлеріне жасалып отырған игі қадам. Сондай-ақ биыл Невзоровтар отбасы мұражайының қасбеті күрделі жөндеуден өтетін болады. Бұл мәдениет саласына қатысты жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Мұның барлығы – ел руханиятына жасалған инвестиция. Абай елі – ұлт руханиятының алтын бесігі. Бұл қасиетті өлкеде ән мен жырдың, сөз бен саздың қасиеті ешқашан көмескі тартқан емес. Ұлы Абайдан бастау алған рухани көш бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді. Осы атаулы мереке аясында мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегін елеу, шығармашылық иелерін қолдау мақсатында өткен жылы алғаш рет «Руханият» сыйлығы ұйымдастырылған болатын. Ал бүгін сол игі дәстүр жалғасын тауып, «РУХАНИЯТ - 2026» сыйлығы екінші мәрте табысталып отыр. Бұл – жай ғана марапат емес. Бұл – халықтың ықыласы, өнерге көрсетілген құрмет, руханиятқа берілген баға. Құрметті өнер майталмандары, әрдайым халықтың ыстық ықыласына бөленіп, шығармашылық шабыттарыңыз шалқи берсін, өнерлеріңіз өрлей берсін! «РУХАНИЯТ – 2026» салтанаты құтты болсын», – деді Берік Уәли.

Шара барысында бірқатар азаматқа Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар мәдениет саласының үздік өкілдері 20 аталым бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Сахна саңлағы», «Жылдың үздік режиссері», «Үздік музыкалық ұжым», «Жылдың үздік композиторы», «Ұлт үні», «Дәстүр дарабозы», «Домбыра үні», «Кітап рухы», «Жылдың үздік кеш жүргізушісі», «Көрінбейтін кейіпкер», «Дәстүр мен өрнек», «Рухани орда», «Үздік аудандық мәдениет мекемесі», «Үздік халықтық шығармашылық ұжым», «Өнеге жолы», «Үздік орындаушы», «Үздік би өнері», «Жылдың жаңа есімі» және «Қауырсын қалам» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. 

Кеш барысында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әртістері мен өңір өнерпаздары сахнаға шығып, көрерменге мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды.

 Қазіргі уақытта облыс аумағында 298 мәдениет нысаны халыққа қызмет көрсетеді. Олардың қатарында кітапханалар, мәдениет үйлері мен клубтар, музейлер мен архивтер, театр мен филармония, мәдени орталықтар мен кинотеатрлар бар.


#Семей, #Абай облысы, #мәдениет