Сыр елінің өнері Семей төрінде: Қос өңір арасындағы мәдени достықтың жарқын көрінісі

Сыр елінің өнері Семей төрінде: Қос өңір арасындағы мәдени достықтың жарқын көрінісі

Семей қаласындағы Абай атындағы драма театрында Қызылорда облысының өнер шеберлері аймақтың мәдени күндері аясында әсерлі Гала-концерт өткізді. Еліміздің рухани астанасы саналатын Семей төрінде өткен бұл кеш – Сыр елінің өнері мен тарихи мұрасын танытқан тағылымды шара болды.

Гала-концертке дейін Абай және Сыр өңірлерінің басшылары – Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтау сөз сөйлеп, екі аймақтың тарихи тамыры мен мәдени байланыстарына ерекше тоқталды.

Берік Уәли өз сөзінде Қызылордадан арнайы келген делегацияға ризашылығын білдіріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениетті ұлттық бірегейлікті нығайтудың басты тірегі ретінде бағалағанын жеткізді.

«Абай мен Сыр өңірі – күллі Алаш баласы бас иіп тағзым ететін қасиетті мекендер. Екі өңір де белгілі кезеңдерде қазақ елінің астанасы болған. Сондықтан бұл достық – ежелгі тарихтан бастау алатын, бауырластықпен берік бекіген егіз өріс» – деп атап өтті аймақ басшысы.

Ал Нұрлыбек Нәлібаев Абайдың 180 жылдығымен семейліктерді құттықтап, мерейтойдың жоғары деңгейде аталып өткеніне қуанышын жеткізді. 

«Сыр бойының жыраулық дәстүрі, ән-күй өнері бүгінгі кеште жаңғырып, рухани сабақтастықты жалғайды. Бұл шара – екі өңірдің мәдениет майталмандарының тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыстарын нығайтуға жол ашады» – деді Қызылорда облысының әкімі.

Кеш барысында Қызылорда облысының талантты өнерпаздары көрерменге шынайы өнер туындыларын тарту етті. Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, «Томирис» би ансамблі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты ансамблі, аралас хор және жеке орындаушылар халықтық және классикалық өнердің көркем үлгілерін ұсынды.

Кеште орындалған туындылар қатарында «Қорқыт-Қобыз», «Бүлдірген», «Сұрша қыз», «Батыр Баба», «Дала сыры» сынды шығармалар, «Махамбет» поэмасы, «Қазақ елі» әні, сондай-ақ әлемдік классика мен ұлттық ән-күйлер болды. Бұл концерт көрермендерге тек музыкалық ләззат емес, рухани қуат сыйлағаны сөзсіз.

Гала-концерт алдында ұйымдастырылған «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме де көрермен назарын аудартты. Онда ежелгі Сыр бойының бай тарихи-мәдени мұралары – Шірік-Рабат сақ жауынгері, Сығанақ ханшайымы, Түгіскен көсемі, Жетіасар ақсүйек әйелінің реконструкциялары, этнографиялық жәдігерлер мен Қорқыт ата, Марал ишанға қатысты құнды мұралар ұсынылды.

Бұл көрме – Қызылорда өңірінің терең тарихын, оның Түркі өркениетіндегі орнын айшықтап, өткен мен бүгінді сабақтастыра білді.

Қызылорда мен Абай облыстарының мәдени әріптестігі – ел ішіндегі рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. «Сыр елі – жыр елі» деген атқа лайық өнер иелерінің Семей төріндегі бұл өнер сапары – ұлт мәдениетін ұлықтауға қосылған өлшеусіз үлес. Екі аймақтың арасындағы бұл бауырластық пен рухани байланыс алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол.


#Семей, #Абай облысы, #мәдениет, #Қызылорда