Абай күніне орай Семей қаласында ұлы ақынның ән мұрасын дәріптеген «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» атты қалалық ән фестивалі өтті. Тағылымды мәдени шара Абай музейінің алаңында ұйымдастырылып, ұлттық өнерді ұлықтаған айтулы басқосуға айналды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпартаттық агенттігі Семей қалалық әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күні. Ел көлемінде 10 тамыз – Абай күні ретінде аталып өтетін атаулы дата Семейде де кең көлемде мерекеленді.

Абай есімімен тығыз байланысты Семей төрінде өткен фестивальдің басты мақсаты – ұлы ақынның мол рухани мұрасын, соның ішінде қазақтың ән өнеріне қосқан қайталанбас үлесін кеңінен насихаттау. Абайдың әндері – ақынның көркем ойы мен терең философиясын әуезді саз арқылы жеткізетін ұлттық мәдениеттің баға жетпес қазынасы.
Мерекелік шара барысында Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев жиналған жұртшылықты Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың рухани мұрасының халық үшін маңызын атап өтті.

«Абай поэзиямен қатар қазақтың ән өнеріне де өшпес із қалдырды. Оның әндері – терең ой мен нәзік сезімнің, көркем сөз бен әсем әуеннің үйлесімі. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» сынды жауһар туындылар бүгінге дейін халық жүрегінен орын алып, ұлттық өнеріміздің алтын қорына айналды», – деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, мұндай мәдени шаралар ұлы ақынның шығармашылығын кейінгі буынға кеңінен таныстырып қана қоймай, ұлттық өнердің сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді.
«Бүгінгі фестиваль – Абай мұрасына тағзым, ұлы ойшылдың рухани әлемін жаңа буынға жақындататын тағылымды басқосу. Осындай мәдени шаралар арқылы халқымыздың асыл мұрасы дәріптеліп, ұлттық өнеріміздің сабақтастығы жалғаса беретініне сенімдімін», – деді Әділет Қожанбаев.

Шара барысында Абай мұрасын насихаттауға, мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтың еңбегі еленді.
Атап айтқанда, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің қызметкері Әлия Архатоваға табысталды. Ал «Абай» медалі Абай атындағы театр актері Айтбек Ташимбетовке берілді.
Сонымен қатар мәдениет пен руханият саласына атсалысып жүрген бірқатар азаматқа Семей қаласы әкімінің Құрмет грамоталары табысталды.
Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна төрінде Абайдың ел жүрегінен орын алған сырлы да сазды әндері шырқалып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Абай әндерінің әрқайсысында халықтың тұрмыс-тіршілігімен қатар, адам болмысы, махаббат, табиғат, адамгершілік пен терең ой сабақтасып жатыр. Сондықтан ақынның музыкалық мұрасы уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпай, жаңа буын орындаушылардың репертуарынан берік орын алып келеді.
Семейде өткен қалалық ән фестивалі де осы сабақтастықтың жарқын көрінісі болды. Ұлы ақынның туған күнінде оның әсем әндерін әуелеткен өнерпаздар Абай мұрасының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Абай әні – ұлт рухының үні. Ал оны дәріптеу – ұлы мұраға деген құрметтің белгісі.





