«Жердің 125 метрі су астында қалды». Депутат Алакөл жағалауының шайылуы туралы мәлімдеді
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова жұмыс сапары аясында Абай облысында болып, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, Абай облысы Туризм басқармасының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге Алакөл көлінің жағалауын туристік маусымға дайындау барысымен танысты. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі «Respublica» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сапар барысында қатысушылар жағалау сызығын, жағажайларды және туристік нысандарды аралап, абаттандыру, жағалауды сақтау және курорттық аймақты маусымға дайындау мәселелерін талқылады.

Жағалауды тексеру кезінде депутат жағалау сызығының шайылу мәселесі өңір үшін әлі де өзекті екенін айтты.
«Өткен жылдан бері су жағалаудың 7 метрін шайып кетті. Жағалау біртіндеп бұзылып жатыр. Артымызда бетонмен нығайтылған жағалау қорғанысы тұр. Бірақ қыста мұз, толқындар және су астындағы ағыстар бұл бетонды әлсіретіп, біртіндеп бұзған. Жағалауды қорғау кезінде ғылыми тұрғыдан дәлелденген, тиімді әдістерді қолдану керек. Қазір жасалып жатқанның бәрі уақытша шара ғана», – деді Екатерина Смолякова.

Жағалау мәселесін жергілікті кәсіпкерлер де көтерді. «Рассвет» демалыс базасының иесі Аида Құнғожинова жағалауды қорғау жұмыстары жыл сайын кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен жүргізіліп жатқанын айтты.
«Әр көктем сайын жағалауды ұстап тұру үшін бірнеше миллион теңге жұмсаймыз. Мен 19 жылдан бері демалыс базасының иесімін, соңғы 7-8 жылда жыл сайын жағалауды бекіту жұмыстарын өзіміз жүргіземіз. 2005 жылдан бері су астында біздің 125 метр жеріміз қалды, төрт бөлмеден тұратын бес корпус суға кетті», – деді кәсіпкер.
Жұмыс сапары барысында депутат Барлық-Арасан емдік шипажайының қазіргі жағдайымен де танысты. Кеңес дәуірінен бері белгілі шипажай бүгінде күрделі жаңғыртуды қажет етеді.

«Мұнда кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін көптеген қауіпті орындар бар. Соған қарамастан, адамдар мұнда әлі де үздіксіз келіп жатыр», – деді депутат.
Ол сондай-ақ шипажай аумағындағы табиғи минералды бұлақтардың маңыздылығына тоқталды.

«Әртүрлі аурулары бар адамдар жыл сайын осында келіп, Алакөлде шомылып, кейін осы жерге келіп емдік ванналар қабылдайды», – деді Смолякова.
Депутаттың айтуынша, мұндай бірегей нысандар жекеменшікке өткеннен кейін тоқырауға ұшырамай, керісінше дамуы тиіс.
«Егер бизнес осындай табиғи байлықты басқаруға алса, оған үлкен жауапкершілікпен қарап, дамытуы керек. Өйткені мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар емделуге келеді», – деді ол.
Сонымен қатар Екатерина Смолякова мемлекет тарапынан өңірді дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазір жақсы жолдар салынып жатыр, интернет пен ұялы байланыс тұрақты жұмыс істейді. Мемлекет адамдардың келуіне жағдай жасап отыр. Енді бұл жерге бизнестің де жауапкершілігі қосылуы керек», – деді депутат.
Кейін «Інжу» демалыс базасында 40-тан астам кәсіпкер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев туризм саласындағы мәселелер бүгінде ведомствоаралық деңгейде қарастырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, осы мақсатта Туризм жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған. Кеңес құрамына салалық министрліктер мен басқа да мемлекеттік органдар кірген. Бұл туризмді дамыту мәселелерін көлік, қауіпсіздік, инфрақұрылым және құрылыс салаларымен үйлестіре отырып шешуге мүмкіндік береді. Абай облысы Туризм басқармасының басшысы Бекжан Бапышев Алакөл жағалауын бекіту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
«Бұл өте үлкен әрі күрделі жұмыс. Жобалық-сметалық құжаттама өткен жылдың 30 желтоқсанында дайындалды. Жобаның құны 15,2 миллиард теңгені құрайды. Әрине, бұл өте үлкен қаражат, оны тек облыс бюджеті есебінен жабу мүмкін емес. Қазір біз түрлі қаржыландыру көздеріне сұраныстар жібердік», – деді ол.
Кездесуде өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да таныстырылды. Қазіргі уақытта қоқыс полигонын көшіру, қалдықтарды шығару жүйесін күшейту, кіреберіс аймақтарды абаттандыру, жаңа көше жарығын орнату, мобильді байланыс пен интернет сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар жағалауда 200-ден астам заманауи бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне тоқталған Мақаншы аудандық полиция бөлімінің бастығы Әділ Ковнашаров туристік маусымда құқық қорғау органдарының күшейтілген режимде жұмыс істейтінін айтты.
«Өткен жылы облыстық департаменттен 40 қызметкер жіберілсе, биыл олардың саны 70-ке дейін көбейтіледі. Сонымен қатар Мақаншы аудандық полиция бөлімінде 62 қызметкер бар», – деді ол.
Кездесу барысында кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар инфрақұрылым, көлік қолжетімділігі және электрмен жабдықтау мәселелеріне қатысты ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, Жалаңашкөл мен Алакөл арасындағы аумақты дамыту, жазғы маусымда пойыз билеттерінің тапшылығын азайту және электр желілерін жаңғырту мәселелері көтерілді. Көтерілген мәселелердің бір бөлігіне мемлекеттік органдар өкілдері сол жерде жауап берсе, Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелді бірқатар ұсыныстар мен өтініштердің жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаралып жатқанын жеткізді. Жұмыс сапары барысында айтылған мәселелер Алакөл өңірінің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылым сапасын жақсарту және туристер үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың өзектілігін көрсетті.
#Абай облысы, #мәжіліс, #депутат, #Алакөл