Абай облысындағы бірнеше ауданда тасқын жүріп жатыр

Абай облысындағы бірнеше ауданда тасқын жүріп жатыр

Қызыл су Жарма ауданындағы Үшбиік ауылында 12 ауланы басып, 9 үйге кіріп кеткен. Қазір құтқарушылар ондағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, елді мекенде инженерлік жұмыстар жүргізуде, - деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.  Облыстағы екі жолды тасқын су бұзып өткен. Салдарынан Ақсуат ауданындағы Кіндікті ауылымен байланыс үзілді. «ҚазАвтоЖол» мамандары республикалық маңызы бар жолдарда бекіту, су арналарын кеңейту жұмыстарын тәулік бойы үздіксіз жүргізіп жатыр. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» қызметкерлері облыс көлеміндегі су алуы мүмкін тас жолдарда кезекшілік атқарып, қар суының деңгейін бақылауда ұстап отыр.   Ал Аягөз ауданында жоғалған үш адам әлі іздестірілуде. Оған қорғаныс министрлігінің тікұшағы жұмылдырылды. Төтенше жағдай қызметінің мамандары қазір өңірдегі 6 ауданда жағдай қауіпті екендігін айтып отыр. Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары Азамат Орымбаевтың айтуынша,  басты назарда бірнеше аудан бар. Ол Ақсуат ауданы, Көкпекті. Жарма ауданы. Аягөз ауданы, Бородулиха және Бесқарағай ауданы. Осы атап өткен аудандар бақылауда. Барлық өзендердің маңайында тәулік бойына кезекшілік құрылған. Бүкіл күш құралдар жұмылдырылуға дайын.


#Абай облысы, #ТЖД, #ағын су