Бишімбаевтың әйелінің өлімі: мейрамхана директоры екі айға қамауға алынды
Астанада Салтанат Нүкенова өлтірілген "Гастро-центр" директоры қамауға алынды, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Zakon.kz сілтеме жасап.
Бұл жөнінде 2023 жылғы 14 қарашада елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"BAU" мейрамханасындағы әйел өлімі фактісін тергеу аясында "Гастро-центр" директорына қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды".Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі
Директор қылмысты жасырды деген күдікке ілінген (ҚР ҚК 432-бабы).
"Тергеу жалғасуда, басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды", – деді полицияның баспасөз қызметі.
2023 жылы 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевты астаналық мейрамханалардың бірінде әйелін өлтірді деген күдікпен Астана полициясы ұстады.
Келесі күні, 2023 жылдың 10 қарашасында Ішкі істер министрлігі Бишімбаевтың ұсталуына қатысты түсініктеме берді. Ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов Бишімбаевтың ұсталғанын растады. Ішкі істер министрлігінің өкілі бұрынғы министрдің есірткі немесе алкогольдік масаң күйде болғаны туралы қауесеттерге қатысты пікір білдіруден бас тартты.
11 қарашада полиция жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Дәл осы күні Астана соты Бишімбаевтың екі айға қамауға алынғанын атап өтті.
12 қарашада Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі қайғылы оқиға болған мейрамхана директоры "Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтіруге қатысы бар" деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Қуандық Бишімбаев 2016 жылы "Бәйтерек" холдингіндегі қызметіне қатысты туындаған сұрақтарға байланысты қызметінен босатылғанға дейін Ұлттық экономика министрі қызметін атқарған.