ҚР АШМ: Тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік тауарлары су тасқынынан зардап шеккен жоқ
2024 жылғы 1 сәуірде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша вице-премьер Серік Жұманғарин көктемгі тасқын судан зардап шеккен өңірлердің әкімдіктерімен, АӨК секторының қаржы институттарымен, «Атамекен» ҰКП және салалық мемлекеттік органдармен жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды abaidan.kz тілшіс primeminister.kz сілтеме жасап.
фото primeminister.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргідеректері бойынша, еріген судан зардап шеккен Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Абай облыстарындағы тұрақтандыру қорларында бүгінде 63,4 мың тонна азық-түлік бар. Барлық өнім құрғақ жерде сақталады және тасқын судан зақым келген жоқ. Басқа өңірлердің тұрақтандыру қорларында шамамен 110 мың тонна азық-түлік қоры бар және қажет болған жағдайда ол қор зардап шеккен өңірлерге жедел жөнелтілуі мүмкін.
«Фермерлерге көмек көрсетуге келер болсақ, бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы дақылдары (күздік дақылдар, жылыжайлар, бақшалар) туралы ақпарат жоқ. Егер егіс маусымының басында су шайған учаскелер анықталса, егіс алқаптары дақылдарды егу және әртараптандыру арқылы қалпына келтіріледі. Төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлердің фермерлері үшін шығындарды растау кезінде кредиттерді 24 айға дейін ұзарту және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көзделген. Аграрлық несие корпорациясында бұл механизм жолға қойылған. Әкімдіктер су тасқыны салдарынан егіс жұмыстарын уақытында бастай алмайтындарды немесе шығынға ұшырағандарды жедел есепке алуы қажет», — деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Серік Жұманғарин зардап шеккен өңірлердің басшыларын тыңдап, дүкендер мен сауда орындарының жұмысын барынша тез қалпына келтіруге және азық-түлік қорларын қажетті көлемде шектеуден шығаруға назар аудару қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-ға өңірлерді ауыл шаруашылығы жануарлары үшін азықпен қамтамасыз ету мәселелерін жылдам және бюрократиясыз пысықтауды тапсырды.