"Қыздың бір көзі ағып, анасының миы шашылып кеткен": Түркістан облысында өлтірілген екі адамның туыстары мән-жайды айтты
Түркістан облысында 16 жастағы қыз бен 45 жастағы анасы кісі қолынан қаза тапты. Қанды оқиға Келес ауданында болған. 30 жастағы күдікті бұған дейін ауыл мектебінде сабақ берген. Оқушысына қырындағаны үшін жұмысынан қуылған ол осылайша өшін алмақ болды дейді марқұмның қара жамылған отбасы. Бұл туралы abaidan.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сілтеме жасап хабарлайды.
Қанды оқиға болатын түні 16 жастағы Нұрила дәл осы әпкесінің үйінен келген екен. Туыстарының сөзінше кілт далада қалып кеткен болуы керек. Сөйтіп, түнгі екіде келген қаскөй ұйқыда жатқан жесір келіншекті басынан кірпішпен төмпештеп, кейін бойжеткенге қол жүгірткен. Зорлық көрген 10-сынып оқушысының ажалмен арпалысқан дауысы көршілерге жетіпті.
"Көршінің үйінен түнгі екіден асқанда дүкілдеген дауыс шықты. Алғашында түсінген жоқпыз. Сосын жүгіріп барып қарадым. Терезені ұрғанда дауыс тоқтады. Өздері шығар деп қайтып кетіп бара жатқанымда қыздың ыңырсыған дауысы шықты. Не болса ол болсын деп жүгіріп келіп, кіргенде біреу мені ұрып жіберді. Содан ұстап құшақтап алдым. Ол жұлқынып қашып құтылды", – дейді куәгер көрші.
Марқұмдардың сүйегін жуған жақындары денеде сау-самтық қалмағанын айтады. Қыздың бір көзі ағып, кеудесінің бәрі көгеріп, анасының миы шашылып кеткен дейді. Қан-жоса болған үй-ішін туыстары қанша жуғанымен іздері әлі жатыр.
"Өзім жуындырдым. Денесін адам қарап болмайды. Бет-ауыздарын танымайды адам. Таспен ұрып-ұрып кішкентай сіңілімнің көзін ағызып жіберген. Соншалықты хайуан болар ма? Бастарын жарып тастаған. Құлақтарының бәрінің айналасын тіккен. Жарылған. Түрі жаман", – дейді марқұмның туысы Гүлжан Байболатова.
Отбасының отағасы да осыдан 15 жыл бұрын кісі қолынан ажал құшқан дейін жақындары. Содан жесір қалған Зарипа Нарымбетова үш қыз өсіріп, екеуін тұрмысқа берген. Өзі мектепте аспаз болып жұмыс істепті. Қорғансыз жандарды қорлады деген күдікті де бөтен емес. Нұрилаға дене шынықтыру сабағынан мұғалім болған 30 жастағы ер адам.
"Ол кезде қызымыз 14-те болған. Дене шынықтырудан беретін ағайы сені сүйем деп хат жазыпты. Үш баласы бар отыз жастағы ер адам. Сіңіліміз оны анасына айтқан. Анасы араға түсіп, қызына тиісуді қойсын деген. Болмаған соң полицияға беремін депті. Туған-туысымен келіп әйтеуір кешірім алған еді. Соңы осылай аяқталып отыр ғой. Наша қолданатын бала екен. Ол қалай мұғалім болып жүр? Оны мектеп директорлары қалай жұмысқа қабылдағанын мен әлі түсіне алмай тұрмын", – дейді марқұм туысы Айнұр Байболатова.
Туыстарының сөзінше бұрынғы мұғалім 15 жастағы қызға қырындап, хат жазған екен. Оны естіген анасы директорға шағымданып, жұмысынан сол үшін кеткен дейді. 3 баланың әкесі қазір қамауда.
"Полиция Түркістан облысының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды", – дейді Түркістан облысы полиция департаментінен.
Кісі қолынан жан тапсырған ана мен қыз кеше жер қойнына тапсырылды. Оларды жоқтаған жақындары күдіктілердің жазадан сытылып кетпей, жауапқа тартылуын сұрайды.