Орлов шахтасындағы қайғылы жағдай: KAZ Minerals мәлімдеме жасады
KAZ Minerals Орлов шахтасында болған қайғылы оқиға туралы ресми түрде хабарлады. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Компанияның мәліметінше, 2026 жылғы 19 наурыз күні шамамен сағат 10:40-та шахта диспетчеріне екі қызметкердің зиянды газдан уланғаны туралы ақпарат түскен. Оқиға Орлов шахтасы аумағында болған.
Зардап шеккендердің бірі ауыр халде ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған. Екінші қызметкердің жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Компания оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын хабарлады. Тергеу жұмыстарына қатысу үшін KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Андрей Третьяков оқиға орнына баратыны белгілі болды.
KAZ Minerals басшылығы мен ұжымы қаза болған қызметкердің отбасы мен жақындарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасатынын жеткізді. Сондай-ақ компания марқұмның отбасына қажетті жан-жақты көмек көрсететінін мәлімдеді.
Оқиға бойынша қосымша ақпарат кейінірек жарияланатын болады.
KAZ Minerals International FZCO (бұдан әрі – KAZ Minerals немесе Топ) – Қазақстанда кен орындарын ашық әдіспен ірі ауқымда және төмен шығынмен игеруге маманданған жетекші мыс өндіруші компаниялардың бірі. Топтың өндірістік нысандары еліміздің бірнеше өңірінде орналасқан. Атап айтқанда, Ақтоғай мыс кеніші, Орлов кеніші мен фабрикасы, Бозшакөл кеніші, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы екі кеніш пен кен байыту фабрикасы бар. Сонымен қатар, Топ Бозымшақ кен орны мыс-алтын жобасын да іске асыруда. Ақтоғай мен Бозшакөл секілді ірі жобалар өндіріс көлемінің тұрақты өсуін қамтамасыз етіп, Топтың әлемдік деңгейдегі ашық типтегі мыс кеніштеріне бағытталған компания ретіндегі позициясын нығайтты. Қазіргі таңда KAZ Minerals компаниясында Қазақстан мен Қырғызстан бойынша шамамен 14 000 адам жұмыс істейді.