«Шахтинск» шахтасында бір жұмыскер тау-кен үйіндісінің астында қалып қойды

«Шахтинск» шахтасында бір жұмыскер тау-кен үйіндісінің астында қалып қойды

«Шахтинск» шахтасында төтенше жағдай орын алды. Бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде бір жұмысшы тау-кен үйіндісінің астында қалып қойды. Зардап шеккен кенші ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оқиға бүгін таңертең «Шахтинск» шахтасында орын алды. 34 жастағы жұмысшы бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде тау массасының астында қалып қойған.

«6 тамызда «Шахтинск» шахтасында зәкірді бұрғылау кезінде кенжардың жоғарғы бөлігінен тау-кен массасының шоғыры опырылып, құлаған. Салдарынан үңгуші жарақат алды», - деп хабарлады «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметі.

УПР-1 учаскесінің қызметкерлері үңгушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, бірден оны шахтаның бетіне шығарған. Содан кейін реанимациялық-шокқа қарсы топ бригадасы зардап шеккен кеншіні Қарағанды қаласындағы Х. Мақажанов атындағы клиникаға жеткізді.

«Науқас төс сүйегінің сынуымен келіп түсті. Дәрігерлердің бақылауында, жағдайы тұрақты. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде», - деп хабарлады Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы.

Қазіргі уақытта іс тергелуде, деп толықтырды «АрселорМиттал Теміртау» АҚ.


#Оқыс оқиға, #Қарағанды облысы