Түркияда Қазақстан азаматшасы мен оның екі жасар сәбиі көз жұмды
Түркияның Алания қаласында сафари-көлік пен жеңіл автомобильдің соқтығысуынан алдын ала мәлімет бойынша, 3 адам қаза болды, олардың екеуі – қазақстандықтар, деп хабарлайды ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап abaidan.kz тілшісі.
TRT Haber-дің жазуынша, апат салдарынан сафари көлігінде болған Қазақстан азаматшасы оқиға орнында көз жұмды. Ресейлік турист пен 2 жасар қазақстандық сәби ауруханада қайтыс болды.
Екі көлікте болған 20-ға жуық адам зардап шеккен. Олардың арасында Қазақстан, Түркия, Израиль және Ресей азаматтары бар.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің жазуынша, Түркияда Арайлым Бағытжан мен оның сәбиі мерт болған. Күйеуі ауруханада жатыр.
«Анталиядан суық хабар келіп жатыр. Белгілі журналист, «Зейін Атырау» ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан Антальяда ірі жол апатына түсіп, өмірден өтті. Әріптесімізбен бірге кішкентай сәбиі де о дүниелік болды. Жолдасы қиын жағдайда ауруханада жатыр.
Қазіргі уақытта Түркиядағы Қазақстан елшілігімен келісімдер жүргізіліп, ауруханада жатқан бауырымыздың тиісті ем алуына жағдай жасалуда.
Жерлестеріміздің сүйегін елге алдыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтамын», - деді Ж.Бисембиев.