ҰҚК арнайы операциясы: Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтың 72 мүшесі ұсталды
2023 жылғы 5 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесе және Бас прокуратураның үйлестіруімен бір мезгілде Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізді. Бұл туралы abaidan.kz тілшісі Қазаұпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, операция барысында қару мен есірткіні заңсыз сақтауға, бопсалауға, заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыруға және өзге де ауыр қылмыстар жасауға күдікті топтардың 72 мүшесі тергеу амалдарын жүргізу үшін жеткізілді.
Топтар өз әрекеттерін Қытаймен («Қорғас» ХШЫО), Өзбекстанмен («Жібек жолы» өткізу пункті) және Қырғызстанмен («Қордай автомобильдік» өткізу пункті) шекаралас учаскелерде жүзеге асырған.
Тінту барысында атыс қаруы оқ-дәрілерімен, ірі ақша қаражаттары, есірткі, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Тергеу іс-шаралары жүргізілуде. «Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жария етуге жатпайды»,-делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда ірі қылмыстық топтарды ұстау операциясы жүріп жатқанын хабарладық.
Кейінірек операцияның қай өңірлерде жүргізіліп жатқанын жаздық.
Сондай-ақ операция барысында 30 адамның ұсталғаны мәлім болды.