Қаза тапқан кеншілердің отбасына ай сайын 400-500 мың теңге көмек көрсетіледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Ақорда Telegram арнасында. Бұл туралы abaidan.kz тілшісі Nur.kz сілтеме жасап хабарлайды. "Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс", – деді Светлана Жақыпова. Қарағандының Костенко атындағы шахтасында болған апат Еске сала кетсек, бүгін Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты. Мемлекет басшысы үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Артынша мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орнына барды. Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Соңғы мәліметтер бойынша қазір 32 адамның денесі табылды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Кейін үкімет "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын мемлекет пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталып жатқанын хабарлады. Одан бөлек, оқиға орнына премьер-министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Серік Шәріпханов барды. Сондай-ақ Бас прокуратура Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
#өрт, #Қарағанды, #шахта, #"АрселорМитталТеміртау" компаниясы