Президент Ақмола облысындағы студенттің өліміне қатысты Ішкі істер министріне тапсырма берді

Президент Ақмола облысындағы студенттің өліміне қатысты Ішкі істер министріне тапсырма берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы студенттің қазасына байланысты Ішкі істер министріне тапсырма берді. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады. "Мемлекет басшысы Ішкі істер министріне Ақмола облысының Щучье қаласында болған студенттің өліміне қатысты барлық мән-жайды жан-жақты тексеруді тапсырды. Кінәлілер заң талаптарына сай жауапқа тартылуы керек. Президент бұл мәселені ерекше бақылауға алды", - делінген хабарламада. Айта кетейік, бұған дейін Tirazh.kz басылымының Instagram-парақшасында Щучинск қаласындағы теміржол бойынан 4-курс студентінің денесі табылғаны туралы ақпарат пайда болған еді. Кейін сол парақшада марқұм жігіттің анасының президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған видеоүндеуі жарияланды. Әйелдің сөзінше, ұлы бірнеше рет бопсалауға ұшыраған. "Менің ойымша, біздің қалада ұйымдасқан қылмыстық топ бар, олар менің баламнан ақша бопсалап, сонымен қатар психологиялық және физикалық қысым көрсеткен. Қазанның 5-нен 6-сына қараған түні ұлым үйден шығып кетіп, ол жоғалып кеткеннен кейін жарты сағаттан соң денесі теміржол бойынан табылды. Ұлым бопсалауға қатысты оқиғаның құрбаны болды деп ойлаймын", - дейді ол. Әйелдің айтуынша, оны бопсалауға ұшыраған көптеген студентті біледі, бірақ олар бұл туралы ашық айтуға қорқады. "Мемлекет басшысынан бұл мәселеге назар аударуды және балаларымыздың бопсалауға ұшырауын тоқтату үшін көмек сұраймын. Барлық кінәлі адамды жазалауды және істің барысын бақылауға алуыңызды өтінемін", - дейді марқұм жігітің анасы. Оқиғаға қатысты видео астында Ақмола облыстық полиция департаменті де пікір қалдырған. Ведомство мәліметінше, Бурабай аудандық полиция бөлімі бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігі (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастаған. "Сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде жәбірленуші тарап келтірген барлық дәлел тексеріліп, жан-жақты тергеу жүргізіледі, өзге ақпарат жария етілмейді", - деп хабардар етті полициядан. 


#Оқыс оқиға, #Президент