Бір палаталы Парламент заң қабылдау ісін жеделдетуге мүмкіндік береді — сарапшы

Бір палаталы Парламент заң қабылдау ісін жеделдетуге мүмкіндік береді — сарапшы

Бір палаталы Парламент жүйесіне көшу — Қазақстанда жүргізіліп келе жатқан саяси реформалардың логикалық жалғасы. Мұндай пікірді Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат берген белгілі өзбекстандық саясаттанушы, Әлемдік экономика және дипломатия университеті Халықаралық қатынастар кафедрасының доценті Мурат Бахадиров білдірді. Сөз басында сарапшы кейінгі бірнеше күн саяси оқиғаларға толы болғанын атап өтті. Мурат Бахадировтің пікірінше, солардың бірі әрі маңыздысы — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.

— Жолдауда мемлекеттің дамуына қатысты ұзақмерзімді стратегиялық міндеттер айқындалды. Атап айтқанда, мен бір палаталы Парламент жүйесіне көшу бастамасына ерекше назар аудардым. Тоқтала кетейік, аталған ұсыныс Жолдаудағы тапсырмалардан бөлек көтерілген жоқ. Сондықтан мұны осы уақытқа дейін Қазақстанда жүргізіліп келе жатқан саяси реформалардың логикалық жалғасы деп қабылдаған жөн болар. Өйткені, 2022 жылдан бері Парламенттің, оның ішінде Мәжілістің өкілеттілігі күшейіп келеді. Осы ретте Президент Сенат өзінің тарихи миссиясын толық орындағанын атап өтті. Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл палатаның маңыздылығын және оның рөлін жақсы түсінеді. Өйткені, ол өзі Сенат төрағасы лауазымында болды, сәйкесінше оның қызмет бағытын толық біледі, — деді Мурат Бахадиров.

Осы ретте сарапшы бір палаталы Парламент жүйесін таңдаған әлем елдерінің тәжірибесін еске салды. Мәселен, Скандинавия мемлекеттерінің көбі уақыт өте келе заң шығарушы органның құрылымы мен қызметіне реформа жасады.

— Бір палаталы Парламент заңдарды қабылдау процесін жеделдетуге және оның ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шығындарды қысқартып, халықтың сенімін арттырады. Сондықтан жаһандық трендке ілесіп отыруды мақсат еткен Қазақстан үшін бір палаталы Парламент жүйесі қажет деп ойлаймын, — деп тоқталды саясаттанушы.

Мурат Бахадировтің сөзінше, бір палаталы Парламент депутаттарына зор жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, ол құрылым халық пен билік арасындағы теңгерімді диалогты жалғастыруға жауапты. Сондай-ақ, Парламент заң шығарушы басты әрі сапалы орталыққа айналуы тиіс.

— Бір палаталы Парламент моделіне көшу тек техникалық тұрғыдан реттейтін мәселе емес. Ол мемлекеттік билікке және Конституцияға өзгеріс енгізуді талап ететін терең саяси реформа. Сондықтан мұндай маңызды шешімнің референдум арқылы қабылдануы орынды. Референдум өткізу немесе оны ұйымдастырмау мәселесін көтеру негізсіз. Өйткені, міндеті түрде реформа жүргізілуі тиіс. Осы ретте Президент Қазақстан даму үшін жаһандық өзгерістерге жедел икемделуі қажет екенін атап өтті. Бұл мақсатқа цифрлық трансформациясыз қол жеткізу мүмкін емес. Яғни, елдің саяси жүйесі жедел әрекет етіп, жағдайға икемделе білгені орынды. Сол себепті референдум арқылы аталған мәселені халық талқысына шығару Қасым-Жомарт Тоқаевтың ашық әрі әділ шешім қабылдауға ұмтылысын растайды, — дейді сарапшы.

Саясаттанушының пікірі бір палаталы Парламент моделіне көшу реформасын асығыстық танытпай, сапалы жүргізу керек дегенге саяды.

— Талқылаудың барлығы ашық өтуі тиіс. Яғни, барлық пікір мен көзқарасты ескере отырып, теңгерімді шешім қабылдау маңызды. Мәселен, бір палаталы Парламент депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлау әлі талқылауды талап ететін мәселе. Парламент саяси дискуссия орталығына айналу үшін тиісті жағдай жасалуы қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көппартиялы жүйені дамыту керек. Жаңа саяси партиялар мен қозғалыстарды тіркеу процесін жетілдіру орынды. Сондай-ақ, басты міндет — Парламент қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету. Атап айтқанда, қоғам бұл құрылымның жұмысын бақылап, олардың күн тәртібіндегі мәселелерге ықпал ете алуы тиіс, — деп түйіндеді Мурат Бахадиров.

Сарапшы атап өткендей, Президент парламент құрылымына реформа жасау бастамасын көтергенімен, оны жүзеге асыру жоспарын жарияламады. Тиісінше, бір палаталы Парламент моделіне көшу бағдарламасы қоғам пікірі негізінде әзірленеді.

Қоса кетсек, бұған дейін иорданиялық сарапшы Нидаль Зубейди бір палаталы Парламент басқару тиімділігін арттыруы мүмкін екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Kazinform агенттігіне сұхбат берген әзербайжандық сарапшылар Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру бастамасын ерекше атап өтті.


#Парламент, #Жолдау