«AMANAT» съезінде тарихи шешім қабылданды

«AMANAT» съезінде тарихи шешім қабылданды

Астанада өткен «AMANAT» партиясының кезекті Съезінде елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды шешімдердің бірі қабылданды. Съезд қорытындысы бойынша партия мүшелері «Әділет» партиясына қосылу идеясын қолдап, жаңа саяси кезеңде күш біріктіруге дайын екендіктерін мәлімдеді. Жиынға Қазақстанның барлық өңірінен келген делегаттар, Саяси кеңес мүшелері, Парламент депутаттары және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты. Жалпы саны 1500-ден астам адам бас қосқан жиында партияның қазіргі қызметі қорытындыланып, алдағы даму бағыттары талқыланды. Съезде сөз сөйлеген Мәжіліс Спикері әрі «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың жаңа қоғам мен жаңа мемлекеттің негізін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тәуелсіздікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық бірлік пен ұлттық тұтастықты сақтау бүгінде мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарына айналды. Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының батыл реформалары нәтижесінде саяси жүйе жаңарып, билік институттары жетілдірілгенін, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі кеңейгенін айтты. Ол жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияны осы өзгерістердің маңызды жетістігі ретінде бағалап, Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын жеткізді. Партия Төрағасының айтуынша, қазіргі жағдайда қоғамның сұранысы мен мемлекет мүддесі барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштердің бірігуін талап етеді. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы өз ресурстары мен әлеуетін «Әділет» партиясымен біріктіру туралы шешім қабылдады.

«Бүгінде еліміз бөлінуге емес, бірігуге ұмтылуы қажет. Біз өз қағидаттарымыздан бас тартпаймыз, керісінше оларды жаңа деңгейге көтеріп, мүмкіндіктерімізді кеңейтеміз», – деді Ерлан Қошанов.

Оның сөзінше, бұл шешім партия мүшелерінің ортақ ұстанымынан туындаған табиғи әрі заңды саяси үдеріс болып табылады. Сонымен қатар ол «AMANAT» пен «Әділет» ұғымдарының мазмұны бір-бірін толықтырып, әділ әрі прогрессивті Қазақстан құру жолындағы ортақ мақсаттарды білдіретінін атап өтті. Съезд барысында партияның соңғы жылдары атқарған жұмыстары да жан-жақты сараланды.  Сондай-ақ өңірлік ұйымдардың, әйелдер және жастар қанаттарының өкілдері сөз сөйлеп, қабылданған шешімге қолдау білдірді. Делегаттар жаңа саяси бірлестік құрамында Мемлекет басшысының реформаларын қолдауды және Қазақстанның одан әрі дамуына үлес қосуды жалғастыруға дайын екендіктерін мәлімдеді. Осылайша, «AMANAT» партиясының кезекті Съезі елдің саяси өміріндегі жаңа кезеңнің бастауын айқындап, қоғамдық-саяси күштердің бірігуіне бағытталған маңызды шешім қабылданған алаңға айналды.


#Астана, #АМАНАТ партиясы, #саясат