Семей халқы алғаш рет өз әкімін сайлауда: тарихи сәттен бір көрініс

Семей халқы алғаш рет өз әкімін сайлауда: тарихи сәттен бір көрініс

2025 жылдың 12 қазаны – семейліктер үшін ерекше әрі тарихи күн. Бүгін Семей қаласының тұрғындары алғаш рет өз қала әкімін тікелей дауыс беру арқылы сайлау науқанына қатысып отыр. Бұл – жергілікті өзін-өзі басқару мен демократиялық үдерістің дамуы жолындағы маңызды қадам.

Семей қаласы бойынша сайлаудың әділ және ашық өтуін қамтамасыз ету үшін барлығы 129 сайлау комиссиясы құрылған. Олардың ішінде:

  • 1 аумақтық сайлау комиссиясы (АСК);
  • 128 учаскелік сайлау комиссиясы (УСК).

Учаскелік комиссиялардың 110-ы – ашық учаскелер, ал 18-і – азаматтардың уақытша болатын жерлерінде орналасқан жабық учаскелер.

Комиссиялар құрамында жалпы 929 мүше бар:

  • АСК құрамында – 7 мүше, олардың барлығы 100% тәжірибелі;
  • УСК құрамында – 922 мүше, оның ішінде:
  • 857 адам (92,9%) – тәжірибелі;
  • 65 адам (7,04%) – алғаш рет сайлау процесіне қатысуда.

Семей қаласының жалпы халқы – 314 300 адам, ал 2025 жылғы 20 тамыздағы мәлімет бойынша сайлаушылар саны 220 761 адамды құрайды.

Ерекше назар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аударылып отыр. Қала бойынша 1 283 мүгедектігі бар адам дауыс беру кезінде арнайы жағдайларды қажет етеді. Оның ішінде:

  • Арбамен жүретіндер – 475 адам;
  • Көру қабілеті бойынша шектеуі бар – 420 адам;
  • Есту қабілеті бойынша шектеуі бар – 388 адам.

Барлық сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді:

  • Пандустар орнатылған;
  • Тактильді бағыттағыштар мен көрсеткіштер бар;
  • Учаскелер 1-қабатта орналасқан;
  • Барлығы «Қолжетімділік картасына» енгізілген.

2025 жылдың 23 қыркүйегінен бастап қала бойынша 128 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Олар сайлаушыларға ақпарат беру, үгіт-насихат материалдарын тарату және дауыс беру процесіне дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Семей қаласының тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырған әкім сайлауы – халықтың басқару ісіне тікелей араласуының жарқын көрінісі. Бұл бастама тұрғындардың саяси белсенділігін арттырып, қоғамда жауапкершілік пен сенімділік қағидаттарын нығайта түседі.

Халықтың еркі мен таңдауын білдіретін бұл күн – Семей үшін жаңа дәуірдің бастауы болмақ.


#Семей, #Абай облысы, #сайлау