Сайлау 8 қаралымabaidan.kz

Сіздің дауысыңыз – менің жауапкершілігім

Сіздің дауысыңыз – менің жауапкершілігім

№ 1 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша Семей қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Сайферт Айгерим Толеугазыевна сайлаушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. 

 

Мен үшін депутаттық мандат – жауапкершілік. Басты қағидатым – ашық, адал және жауапты жұмыс істеу, Семей қаласы тұрғындарының мүддесін қорғау және нақты оң өзгерістерге қол жеткізу. Мен әр тұрғынның дауысын тыңдаймын, өтініштерді қағаз жүзінде қалдырмай, олардың шешімін табуына өкілеттігім аясында бар күшімді саламын.

Жолдар мен аулаішілік өтпелерді жөндеу мәселесін тұрғындардың өтініштері негізінде көтеремін. Көшелерді, аулаларды және жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыруды жақсартуға, аулаларды көгалдандыруға, қауіпсіз әрі заманауи балалар және спорт алаңдарын орнатуға ықпал етемін. Жөндеу жұмыстарының сапасы мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейтемін.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін көтеремін. Педагогтарды қолдап, олардың еңбек жағдайын жақсартуға, балалар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етемін. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетемін, балаларды буллингтен қорғау шараларын қолдаймын, ата-аналар, мектеп және қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайтамын.

Спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелердің қолжетімділігін арттыруға, еріктілер қозғалысы мен жастар бастамаларын дамытуға назар аударамын. Кәсіби бағдар беру, тәжірибеден өту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге, зиянды әдеттердің алдын алу жұмыстарын қолдауға ықпал етемін.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға, зейнеткерлер мен жалғыз тұратын қарт азаматтарға ерекше көңіл бөлемін. Әлеуметтік көмек көрсетуде ашықтық пен әділдік сақталуына ықпал етемін.

Медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтеремін. Профилактикалық іс-шаралар мен медициналық тексеру акцияларын, салауатты өмір салтын және бұқаралық спортты насихаттауды қолдаймын.

Қала тазалығы мен қоқыс шығару сапасына бақылауды күшейтуге ықпал етемін. Саябақтар мен қоғамдық демалыс орындарын абаттандыруға, ағаш егу және көгалдандыру акцияларына, тұрғындар мен еріктілердің экологиялық бастамаларына қолдау көрсетемін.

Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткіземін, азаматтарды ашық қабылдап, әр өтінішпен жүйелі жұмыс істеймін. Көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылаймын, қала үшін өзекті мәселелерді мәслихат отырыстарында көтеріп, депутаттық сауалдар жолдаймын. Атқарылған жұмыс туралы тұрғындар алдында тұрақты есеп беремін.

 

№1 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша Семей қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Сайферт Айгерим Толеугазыевнаның сайлау қорынан төленді.