Бүгін Семей қаласында Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында инклюзивті спорт кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева қатысты. Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жаңа спорт нысанының маңызына тоқталып, инклюзивті спортты дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.


Заманауи нысанда әмбебап спорт залы, адаптивті дене шынықтыру залы, күрес элементтері бар арнайы зал, тренажер залы, бочча залы, үстел теннисі мен үстел ойындарына арналған бөлмелер қарастырылған. Екі қабаттан тұратын нысан бір мезгілде 130 адамға дейін спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік береді. Ғимаратта спорттық жаттығу залдарымен қатар медициналық және оңалту қызметтерін көрсетуге арналған кабинеттер де болады. Нысан толықтай инклюзивті талаптарға сай жобаланып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар, лифт, бейімделген санитарлық тораптар және кедергісіз қозғалысқа қажетті жағдайлар жасалады.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыста бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. «Абай облысының шағын жинақты мектептерінің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында 764,7 миллион теңгеге 36 мектепке 58 кабинет орнатылды. Өңірдегі 4 мектеп оқу кабинеттері мен жиһаздармен жабдықталды. «QH Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында Аягөз, Бесқарағай, Жаңасемей және Мақаншы аудандарындағы қосымша білім беру ұйымдары жалпы құны 480 миллион теңге заманауи талаптарға сай кабинеттермен жарақтандырылды.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева жаңа нысанның іргетасын қалау рәсімінде осы бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Қазақстан Республикасының бочча спортынан спорт шебері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы Руслан Еренбаев спорт кешенінің маңызды нысан екенін айтты.

Бүгінде облыста мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы спорт клубы жұмыс істейді. Онда 253 спортшы тұрақты түрде жаттығады. Олардың арасында ел намысын халықаралық деңгейде абыроймен қорғап жүрген спортшыларымыз бар. Мәселен, 2025 жылы Токио қаласында өткен XXV Сурдлимпиада ойындарында жерлестеріміз Алтынбек Кәкітаев пен Айым Жетпіспаева жүлделі үшінші орынға ие болды.Жалпы, облыста спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Былтыр Жаңасемей ауданының Алғабас ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бородулиха ауданының Петропавловка ауылында спорттық сауықтыру орталығы, Мақаншы ауданының Қарабұлақ ауылында спорт модулі ашылды. Биыл Семейдегі Водный және Бобровка кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Екпін және Ойшілік ауылдарында спорт модульдері пайдалануға берілді.

Қазіргі уақытта өңірде 21 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Бесқарағай, Қалбатау (Жарма ауданы) ауылдары мен Шар қаласында жүзу бассейні, Аягөз ауданының Қопа ауылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ангар үлгісіндегі тез тұрғызылатын модульдік шұ спорт залы салынып жатыр. Бесқарағай ауданының Ерназар ауылында, Абай ауданының Көкбай, Саржал ауылдарында, Жарма ауданының Жаңғызтөбе кентінде спорт модулі, Қалбатау ауылында стадион, Үржар ауданының Жанай ауылымен Аягөз ауданының Байқошқар ауылында жаңа спорт залының құрылысы жүргізілуде. Көкпекті ауданының Ажа ауылында ангар үлгісіндегі спорт залының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Курчатов және Аягөз қалаларында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің әр аумағында бірқатар жаңа нысан салынып жатыр. Кеше Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының өңірімізге сыйлығы – Рәміздер алаңы салтанатты түрде ашылды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Павлодар облысының тартуы – үстел теннисі орталығы, қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының сыйлығы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды. Батыс Қазақстан облысы Абай облысымен бірлесіп спорт кешенін салып жатыр.





