Берік Уәли «Елімай» матчы төңірегіндегі жағдайды бақылауына алды
«Елімай» футбол клубының қатысуымен өткен соңғы матчтан кейін төрешілікке қатысты туындаған даулы жағдай қоғамда кеңінен талқылануда. Мыңдаған жанкүйер ойын барысында бас төреші Арман Исмұратовтың бірқатар шешімдеріне наразылық білдіріп, олардың әділдігіне күмән келтірген болатын. Матч аяқталғаннан кейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында төрешінің клуб өкілдеріне қатысты әдепке жатпайтын сөздер айтып, қорқыту сипатындағы мәлімдемелер жасағаны жөнінде ақпараттар тарады. Сонымен қатар, төрешінің жанкүйерлерге қатысты бейәдеп сөздер қолданғаны туралы да хабарламалар жарияланды.

Осыған байланысты «Елімай» футбол клубының жанкүйерлері Абай облысының әкімі Берік Уәлиге үндеу жолдап, жағдайды жеке бақылауына алып, төрешілер бригадасының әрекеттеріне объективті баға берілуін сұрады. Олар өз үндеуінде «Елімайдың» өңір үшін жай ғана спорт клубы емес, Абай облысының басты әлеуметтік жобаларының бірі әрі аймақтың символына айналғанын атап өтті.
Жанкүйерлердің көптеген өтініш-тілектерін назарға алған Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл мәселенің жан-жақты зерделенетінін мәлімдеді. Өңір басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көтерілген мәселелер бойынша әділдік пен ашықтық қағидаттарының сақталуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін жазды. Сонымен қатар, облыс әкімі осы мәселеге байланысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен арнайы сөйлескен. Федерация басшысы жағдайдың толық әрі мұқият қаралатынын, арнайы комиссия құрылып, мәселе соңына дейін жеткізілетінін жеткізген. Берік Уәли әділеттілік қағидаты әрдайым басты ұстаным болып қала беретінін атап өтіп, аталған мәселені жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.
Жанкүйерлер болса, «Елімайға» ерекше артықшылық беруді емес, тек әділ төрешілік пен барлық клубтарға тең қарым-қатынас жасалуын талап ететіндерін айтып отыр. Қазіргі таңда футбол қоғамдастығы Қазақстан футбол федерациясының арнайы комиссиясы қабылдайтын шешімді күтуде.