«Қалқан»: мықтылар анықталған күн
Абай облысында республикалық «Қалқан» қысқы Спартакиадасының облыстық кезеңі ұйымдастырылды,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жарысқа облыс аудандарынан келген 10 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Спартакиада Шүлбі кентіндегі «Ұлан» облыстық әскери-патриоттық және азаматтық тәрбие беру орталығының базасында өтті. Облыстық кезеңнің негізгі мақсаты – «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері арасында жан-жақты дамуды жетілдіру, олардың физикалық дайындығы мен патриоттық рухын нығайту болып табылады.

Жарыс президенттік көпсайыс ережелеріне сәйкес өткізілді. Спартакиаданың алғашқы күні қатысушылар М-8 пневматикалық винтовкасынан ату, ұлдар арасында белтемірге тартылу, ал қыздар арасында арқаға жатып денені көтеру жаттығуларынан сайысқа түсті.

Екінші күні жас спортшылар 3000 метрлік шаңғы жарысында бақ сынап, төзімділік пен шыдамдылықтарын көрсетті.
Спартакиадаға «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерінен құралған командалар қатысып, әр команда құрамында 2 ұл және 1 қыз болды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар мен қыздар арасында жекелей және командалық жеңімпаздар анықталды.

Командалық есепте Бесқарағай ауданының командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орынды – Жаңасемей ауданы, ал үшінші орынды – Мақаншы ауданының командасы жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және марапаттармен марапатталды, ал жарысқа қатысқан барлық жас сарбаздарға сертификаттар табысталды.
Аталған спартакиада жасөспірімдердің әскери-патриоттық тәрбиесін күшейтіп, салауатты өмір салтын насихаттауға және болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеуге үлкен үлес қосты.