Мемлекеттік қызметшілер марафонға қатысты

Мемлекеттік қызметшілер марафонға қатысты

Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Семей қаласында «Адал жол – таза жүрек» ұранымен марафон өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды және мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен спорттық шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаменті, спорт және дене шынықтыру басқармасы, «Сана» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Жарыс Абай атындағы халықаралық әуежайында  өтті. Марафонға Семей қаласындағы мемлекеттік мекемелерден 150 адам қатысты. Олар 5 және 10 шақырымға жүгіріп, бақтарын сынады.

Марафонның ашылуына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту мақсатында мемлекеттік қызметшілер күніне орай жылда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл сайысты шыңдалған шымыр, рухы биік мемлекеттік қызметкерлерді қалыптастырып қана қоймай, әріптестердің спорттық шара шеңберінде бірлік рухы мен достық сезімін тудыратын бірегей шара деп айтуымыз керек. Таңертең ерте марафонға қатысып отырған әріптестерге сәттілік тілеймін» деді аймақ басшысы.

Марафон қорытындысында әр санат бойынша І, ІІ, ІІІ орын алған жеңімпаздар диплом және медальдармен марапатталады. Сонымен қатар, мәреге белгіленген уақыт ішінде жеткен алғашқы 30 қатысушыға естелік финишер медальдары табысталады.


#Абай облысы, #Спорт, #марафон, #Мемлекеттік қызметші