Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды
Бүгін XVII жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Олардың қатарында Паралимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Науатбек (пара дзюдо) пен Давид Дегтярев (пара пауэрлифтинг), күміс жүлдегер атанған Ерғали Шамей (пара дзюдо), Нұрдаулет Жұмағали (пара жүзу), қола жүлдеге қол жеткізген Даяна Федосова (пара дзюдо), Зарина Райфова (пара дзюдо) мен Жұрқамырза Шукурбеков (пара дзюдо) және пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, пара жүзу, волейболды отырып ойнау, пара каноэ құрама команда өкілдері бар. Спортшыларды Астана әуежайынан туыстары, достары, жанкүйерлері мен Қазақстандағы спорт ұйымдарының өкілдері қарсы алды.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Алдымен сөз кезегін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов алды. Ол Париж төрінде ел намысын абыроймен қорғаған паралимпиадашыларға алғысын білдіріп, алдағы додаларда да Қазақстан мерейін асқақтата беретініне сенім білдірді.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
«Осы Паралимпиаданың нәтижелері қазақ параспорты тарихындағы ең үздік болды – Қазақстан құрамасы медальдар саны бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Давид Дегтярев – ел тарихында тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпионы. Өздеріңіз білетіндей, біз олимпиадалық спорт түрлері сияқты параспорт түрлері үшін де тең жағдай жасауға тырысамыз. Чемпиондарымыздың жаттығу техникасын зерттеп, басқа спортшыларға қолдануды жоспарлап отырмыз. Балалар арасында параспортты дамыту бойынша да белсенді жұмыс жүргізілетін болады», - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, қазақстандық спортшылар Паралимпиададан медальдар саны бойынша рекордтық көрсеткішпен оралды. Өз кезегінде Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек әлемдік додада жанкүйерлердің сенімін ақтағанын айта келе, олардың қолдауы ерекше болғанын атап өтті.
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
«Бұл нәтижеге жету үшін біз көп жұмыс істедік. Еліміздің және бізге сенген әрбір адамның қолдауы барлық қазақстандық паралимпиадашыға соңына дейін күресуге күш берді. Біз Қазақстанды әлемдік аренада танытқанымызды мақтан тұтамыз және шектеу тек мида ғана болатынын дәлелдедік», - деді 2024 жылғы Паралимпиада ойындарында алтын алған дзюдошы Ақмарал Науатбек.
Паралимпиада жеңімпазының сөзіне дүйім жұрт шапалақ соғып, қошемет көрсетті.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Жалпы, 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан намысын спорттың 9 түрінен 44 спортшы қорғады, бұл рекордтық көрсеткіш болды. Біздің құрама медальдық есепте 39-орынға ие болды.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Айта кетейік, XVII жазғы Паралимпиада ойындарында пара пауэрлифтингтен 54 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев алтын медаль жеңіп алды. Жерлесіміз 188 кг салмақты еңсеріп, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Пара дзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде (J2 санаты) белдескен Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиадасының жеңімпазы атанды. Ал, Нұрдәулет Жұмағали Париж Паралимпиадасының финалында SB13 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуде күміс медаль жеңіп алды.
Пара дзюдодан J1 санатында 73 кг салмақта өнер көрсеткен Ерғали Шәмей финалдық белдесуде румыниялық балуан Флорин-Александр Бологаға жол беріп, Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері атанды. J2 санаты бойынша 57 келідегі Даяна Федосова қола жүлде үшін белдесуде Түркия өкілі Дёндю Ешилюртты жеңіп, ел қоржынына кезекті жүлдені салды.
Пара дзюдодан әйелдер арасында +70 кг салмақ дәрежесінде J2 санатында белдескен Зарина Раифова қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде Раифова италиялық Каролина Костадан басым түсті. Ал, Жұрқамырза Шүкірбеков пара дзюдодан J2 санатында 90 келі салмақты сынға түсіп, қола медаль жеңіп алды.