Шекарашылар арасындағы қоян-қолтық ұрыс біріншілігі жоғары деңгейде өтті

Шекарашылар арасындағы қоян-қолтық ұрыс біріншілігі жоғары деңгейде өтті

Абай облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей қаласы бойынша №1 облыстық олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығының жүлдесіне арналған қоян-қолтық ұрыстан біріншілік өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған спорттық шара Абай облысында бұқаралық спортты дамыту, әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және жауынгерлік даярлықты жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды. Біріншілікке Семей мен Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармаларының әскери қызметшілері қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Чемпионаттың басты мақсаты — шекара қызметкерлерінің физикалық дайындығын арттыру, кәсіби шеберлігін шыңдау, сондай-ақ достық пен ынтымақтастықты нығайту. Қоян-қолтық ұрыс — бабалардан келе жатқан рухты спорт түрі. Бұл додада қатысушылар тек күш-жігерін ғана емес, төзімділігі мен тактикалық ойлау қабілетін де сынға салды.

Жарыс өте тартысты жағдайда өтті. Финалдық кездесуде 5:4 есебімен Семей шекара басқармасының әскери қызметшілері қарсыластарынан басым түсіп, командалық есепте бірінші орынды иеленді. Жеңімпаз командаға чемпионаттың кубогы табысталып, олар жарыстың басты жүлдесіне лайық деп танылды. Бұл жеңіс семейттік шекарашылардың жоғары жауынгерлік және спорттық дайындығының айқын көрінісі болды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шара соңында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің жауынгерлік даярлық және әскерлер қызметі басқармасының бастығы, полковник Курбанов Шухрат Касимович, жарысқа қатысушыларды құттықтап, мұндай спорттық сайыстардың маңыздылығына тоқталды.

 «Спорт — тәртіптің, табандылықтың және жауынгерлік рухтың негізі. Осындай жарыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жеке құрамның кәсіби деңгейін арттыра береді», — деді ол.


#Абай облысы, #Спорт, #Шекара