Үздік әскери спортшылар марапатталды
19 мен 23 ақпан аралығында Өскемен қаласында президенттік көпсайыстан Қарулы күштердің ХХІ Спартакиядасының қысқы кезеңі өтті, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Айтулы жарыста «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері чемпион атанды. Командалық есепте ешкімге дес бермей, бас жүлдені иеленген әскери қызметшілерді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов қабылдап, жүлделі оралған спортшыларға күш-қайрат пен табандылық тіледі.
Айта кетейік, 12 команда 60-тан астам әскери спортшы бақ сынаған сайыста спортшылар пневматикалық мылтық атудан, шаңғы жарысынан және белтемірге тартылудан бақтарын сынады.
Спартакиадада жекелей біріншілікте «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының командасы жоғарғы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, 40-44 жас ерлер арасында сержант Берікбол Оразбаев үздік атанса, әйелдер арасында 35-39 жас аралығында сайысқан ефрейтор Татьяна Купцова алтыннан алқа тағынды. Сонымен қатар 28-34 жас аралығында бақ сынаған кіші сержант Ақпейіл Кутуев жүлделі екінші орынды иеленді, ал 35-39 жас аралығында өнер көрсеткен 3 сыныпты сержант Марат Ибраимов үздік үштіктен көрінді.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері бұдан өзге тағы бір байрақты бәсекеде бақ сынап, жүлделілер қатарынан табылды. Нақтырақ айтатын болсақ, өңіріміздің әскери спортшылары қоян-қолтық ұрыстан Қарулы күштер чемпионатына қатысып, командалық есепте екінші орынға ие болды. Жекелей есепте өз салмақ дәрежелерінде өнер көрсеткен сержант Санат Садықов, кіші сержант Бақыт Дүйсенбеков және ефрейтор Серік Дурбаев қарсылас шақ келтірмеді. Нәтижесінде аты аталған спортшылар алтыннан алқа тағынып, жеңімпаз атанды. Кіші сержант Жанбол Мұхтаров пен ефрейтор Рауан Екешов екінші орындарға ие болды. Сондай-ақ 27943 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі жауынгері Али Құрақбаев үздік үштіктен көрінді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен грамоталар табыс етілді.