Спорт 72 қаралымabaidan.kz

Семейде құтқарушылар арасында күштік кроссфит жарысы өтті

Семейде құтқарушылар арасында күштік кроссфит жарысы өтті

Құтқарушылар күніне орай Абай облысында өрт сөндірушілер мен құтқарушылар арасында күштік кроссфит жарысы өтті. Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданының Республика алаңында ұйымдастырылған сайыста қатысушылар күшін, төзімділігін, жылдамдығы мен кәсіби дайындығын сынады.

Семейде құтқарушылар арасында күштік кроссфит жарысы өтті

Жарыстың ашылу салтанатында Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Еркін Отарғалымұлы қатысушыларды құттықтап, мұндай жарыстардың құтқарушылардың кәсіби біліктілігін арттырудағы маңызын атап өтті.

«Жалпы 18 қазан — құтқарушыларымыздың кәсіби мерекесі. Осы мерекеге орай облыстық деңгейде бірқатар жарыс ұйымдастырдық. Соның бірі — бүгінгі күштік кроссфит жарысы. Мұндағы мақсатымыз — құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кәсіби біліктілігін, шеберлік деңгейін арттыру.

Мұндай жарыстар біз үшін өте маңызды. Өйткені әрбір өрт сөндіруші мен құтқарушы өзіне жүктелген міндеттерді уақытылы, сапалы әрі қауіпсіз орындауға дайын болуы керек. Сонымен қатар жарыс өңірдегі құтқару және өрт сөндіру бөлімшелерінің қызметкерлерін бір алаңға жинап, өзара пікір және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Бүгінгі сайыстың басты мақсаты да — кәсіби біліктілік деңгейін көтеру», — деді Еркін Отарғалымұлы.

Күштік кроссфит жарысы құтқарушылардың физикалық дайындығын ғана емес, төтенше жағдай кезінде аса қажет болатын табандылығын, шапшаңдығын және командалық үйлесімділігін де көрсетті. Қатысушылар арнайы спорттық сынақтардан өтіп, кәсіби шеберліктерін ортаға салды.

Бұдан бөлек, пресс-тур аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер Семей қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысып, оқу-жаттығу орталығы мен музейді аралады. Кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің дайындығын көрсетті. Сондай-ақ қатысушылар авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарының мүмкіндіктерін көріп, Жедел-құтқару жасағында құтқару катерімен танысты.

Іс-шара құтқарушылардың күнделікті қызметін кеңінен таныстыруға, олардың кәсіби дайындығы мен еңбегінің маңызын көрсетуге мүмкіндік берді.