А. Сәтқалиев: Қазіргі кезеңде атом электр стансасына балама жоқ

А. Сәтқалиев: Қазіргі кезеңде атом электр стансасына балама жоқ

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом энергетикасын дамыту перспективалары туралы хабарлады. Энергетика министрі баяндамасында ел экономикасының тұрақты өсуі электр энергиясына деген сұраныстың артуымен қатар жүретінін атап өтті. Өнеркәсіп, металлургия, көлік, IT, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және басқа да секторларда жаңа жобаларды іске асыру үшін қазірдің өзінде электр энергиясының едәуір көлемі қажет. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын құруға, экономикалық өсуді ынталандыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Алайда олардың дамуы еліміздегі энергия қуатының жетіспеушілігімен шектеледі.

Алмасадам Сәтқалиев жаңа тұрақты энергия көздерін – жаңартылатын, реттеуші және базалық қуаттарды салу бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін екенін атап көрсетті.

Бүгінгі таңда электр энергиясын өндірудің негізгі үлесі өндірістің 66%-ын қамтамасыз ететін көмір стансаларына тиесілі. ЖЭК секторы өсімді көрсетеді: нысандар саны 148-ге жетті, өндіріс үлесі шамамен 6%. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағ дейін өседі. Бұл ретте бірқатар объективті себептер бойынша қолданыстағы энергия көздерін өндіру 135 млрд кВт/сағ-қа дейін төмендейді. Сондықтан таяудағы 10 жылда Қазақстанға жиынтық қуаты 26,5 ГВт жаңа өндіруші қуаттарды енгізу қажет.

Осы бағытта министрлік тиісті жұмыс жүргізуде. Жеке инвестициялар есебінен жұмыс істеп тұрған электр стансалын жаңғырту және кеңейту бойынша 22 инвестициялық келісім жасалды. Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстарында, Алматыда жалпы қуаты 3500 МВт-тан асатын маневрлі газ электр станцияларын салу бойынша жобалар портфелі іске асырылуда. Жаңа ЖЭО салу бойынша шаралар қабылдануда.

«Қазір әлем көміртегі бейтараптығына бет бұруда. Халықаралық қаржы институттары көмір электр станцияларын салуға инвестиция салудан бас тартады. Сонымен қатар біз еліміздегі газ ресурстарының шектеулі болуына байланысты газ генерациясын ауқымды енгізуді жүзеге асыра алмаймыз. Өз кезегінде, жаңартылатын энергия көздері табиғи-климаттық жағдайларға тәуелділігіне байланысты электр энергиясын өндірудің сенімді базалық көзі бола алмайды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, атом электр стансасының құрылысы шығатын қуаттарды ауыстыру және Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім болып көрінеді. Қазіргі кезеңде АЭС-ке балама жоқ»,— деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.  

Министр атом энергетикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі рөлі алғаш рет БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік конвенциясына қатысушылардың 28-ші конференциясында атап өтілгенін, оның қорытындысы бойынша 2050 жылға қарай атом энергиясын пайдалануды үш есе арттыру туралы Халықаралық декларацияға қол қойылғанын хабарлады.

Бүгінгі таңда әлемде белгіленген қуаты 374 ГВт болатын 415 ядролық реактор пайдаланылуда. Олар жалпы әлемде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 10% қамтамасыз етеді. Құрылыс сатысында 61 реактор бар. Бұл ретте Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті жағдай бар. Еліміз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде 1-ші орында және іс жүзінде толық ядролық-отын цикліне ие. Халықаралық серіктестермен (АҚШ, Қытай, Франция және Ресей) бірлесіп уранды конверсиялау және байыту кезеңдерін дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Мәселен, 2021 жылы Үлбі металлургия зауытының базасында атом электр стансалары үшін дайын ядролық отын өндіретін зауыт ашылды, оның өнімі Қытайға экспортталып жатыр.

Ақтауда 25 жыл ішінде әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды ядролық реактор (БН-350) сәтті пайдаланылды. Сондай-ақ Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында зерттеу реакторлары жұмыс істейді, онда атом энергетикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Олардың нәтижелері әлемде жұмыс істеп тұрған атом электр стансаларында практикалық тұрғыда қолданылуында. Алынған жетістіктерді мойындаудың белгісі ретінде былтыр Ұлттық ядролық орталық ғалымдарының тобына Мемлекет басшысының жарлығымен әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық берілді.

«АЭС құрылысы энергетикалық және экологиялық міндеттерді шешіп қана қоймай, ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Халықаралық серіктестермен бірлескен жобалар Қазақстанды уран өндіруде әлемдік көшбасшы ретінде ғана емес, атом саласындағы жоғары технологиялық шешімдерде де жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі. Оларға медициналық және мұнай-газ секторы үшін радиоизотоптар, жартылай өткізгіштер және жүйелік тақта өндірісі жатады. АЭС құрылысы материалдар мен жабдықтар өндірісіндегі құзыреттілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бюджетке инвестициялар мен салық түсімдерінің ағынын қамтамасыз ете отырып, елдегі технологиялардың дамуына елеулі үлес қосады»,— деп атап өтті энергетика министрі.

Жобаны іске асыру сатысында Қазақстанда 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылады, пайдалану кезінде 2 мың адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұл ретте атом электр стансасындағы әрбір жұмыс орны аралас салаларда 10-ға дейін жұмыс орнын құрады, бұл еңбек нарығына және бүкіл өңірдің дамуына оң әсер етеді.

«Қазақстанда АЭС салу біздің энергетикалық тәуелсіздігімізді нығайтады және 2060 жылға дейін қабылданған көміртекті бейтараптық стратегиясын іске асыру жолындағы негізгі қадам бола отырып, ел экономикасы үшін елеулі мультипликативті әсер әкеледі. Атом электр стансасын салудың орындылығы туралы референдум осы жобаны іске асыру жолындағы маңызды кезең болады. Бұл оқиға ел халқына өз пікірін білдіруге және энергетика саласын дамытудың келешектегі бағытын айқындауға мүмкіндік береді»,— деп қорытындылады Алмасадам Сәтқалиев.  


#Үкімет, #АЭС