Әлихан Смайылов: Егер жағдай жақсармаса, кадрлық шешімдер қабылданатын болады
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.
Жиына барлық өңірлерде жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізіліп жатқаны туралы айтылды. Бүгінгі таңда 89 қаланың 30-ында жұмыс аяқталған. Жалпы, жыл соңына дейін 500 шақырымнан астам жылу желілерін жөндеуден өткізу жоспарланған. Сондай-ақ 1,4 мың шақырым сумен жабдықтау желілерінің 233 шақырымы, 46 шақырым су бұру желісі жөнделген.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Павлодар, Қарағанды облыстарының әкімдерімен қатар, Абай облысының әкімі – Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.
Премьер-Министр алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі маусым айында әдейі ертерек қаралып жатқанын атап өтті. Алайда, оның айтуынша, қазір әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшіліктер көрінуде.
Ол сондай-ақ Жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны өте баяу екенін атап өтті: 47 жобаның 30-ында ғана жұмыс жүріп жатыр. Желілерді техникалық тексеру жұмыстары да біткен жоқ. Үкімет басшысының пікірінше, уәкілетті орган мен әкімдіктердің арасында үйлестірудің жоқтығынан осындай кемшіліктер орын алып отыр.
«Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдер мен министрлердің жауапты орынбасарлары «кабинетте отырмай» жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Проблемаларды объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа, сондықтан тәуекел де жоғары. Егер, жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады», — деді Әлихан Смайылов.