Көз жұмған 14 орманшының отбасыларына қандай қолдау шаралары көрсетіледі
Абай облысында қаза болған 14 орманшының отбасыларына қандай қолдау шаралары көрсетілетінін Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қаза болғандардың отбасыларына келесі қолдау шаралары көрсетіледі:
1) отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесіне (кәмелетке толмаған балаларға) республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы;
2) отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесіне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша біржолғы әлеуметтік төлемақы;
3) қажетті жиһазбен жабдықталған тұрғын үймен қамтамасыз ету;
4) БЖЗҚ-дан жерлеуге арналған біржолғы төлем.
Сондай-ақ несиелерді есептен шығару үшін қайтыс болған адамдар мен олардың отбасыларының несиелік жүктемесі анықталады.
Қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленетін болады.
Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды.
Сонымен қатар 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Ал ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген.
Еске салайық, 8 маусым күні тұтанған «Семей» орманы резерватындағы өртпен күреске жұмылдырылған 14 орманшы қаза болған еді.
Алапат өртпен күрес әлі жүріп жатыр.